«Үйде жатпа» күнтізбесі. 25 ақпан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 25 февраля, 2024


👌 25 жыл бұрын Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бірінші халық санағы басталды. Сауалнамаға сәйкес 1999 жылы республикада 15 673 400 адам тұратыны анықталды. Ал 2024 жылдың 1 қаңтарындағы статистикаға сүйенсек елімізде 20 033 546 адам тұрады. 2021 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша негізгі этникалық топтардың саны: қазақтар – 70,4%, орыстар – 15,5%, өзбектер – 3,2%, украиндар – 2%, ұйғырлар — 1,5%, немістер — 1,2%, татарлар — 1,1%, басқа этностар — 5,1%. 

👂 25 ақпан – Халықаралық кохлеарлық имплантация күні. Кохлеарлы имплантация – қазіргі уақытта саңырау адамның есту және сөйлеу қабілетін қалпына келтіруге мүмкіндік беретін жалғыз заманауи әдіс. 2007 жылдан бері Қазақстан бойынша тек үш емханада жылына 170-ке жуық имплантация жасалады. Кохлеарлық имплантациялау операциясының құны 5 миллион теңгеден басталады. Бірақ оны тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жасауға болады.

🎬 Бүгін кино саласында аты аңызға айналған өнер иесі, Қыз Жібек бейнесін сомдаған әйгілі кино және театр актрисасы Меруерт Өтекешева 73 жасқа толды. Оны жұртшылық “Қазақтың Қыз-Жібегі” деп таниды. Марқұм жолдасы Құман Тастанбеков (1945-2017) онымен бір фильмде Төлегеннің рөлін сомдап, жұрт оны “Қазақтың Төлегені” деп атап кеткен. Жұлдызды жұп адамдардың сүйіспеншілігіне ие болып, отбасылық бақыттың эталонына айналды. Бұл сондай романтикалық оқиға.

 

Ал сіз фильмді тамашаладыңыз ба?

 👥 25 ақпан қазақтың екі атақты адамы дүниеге келді. Бүгін телеактриса, модель Аружан Жазылбекова 38 жасқа толды. 18 жасында ол Ford Models Supermodel of the Kazakhstan байқауының жеңімпазы атанды. Актриса көпшілікке “Құтқарушы”, “Қазақша тонау”, “Рэкетир 2”, “Үшеулік той” және тағы басқа фильмдерімен танымал. Сонымен қатар бүгін эстрада әншісі, актер Қайрат Нұртас 35 жас мерейтойын атап өтеді. Ол сахнаға алғаш рет он жасында шығып, 19 жасында Республика сарайында жеке концертін берді. 2013 жылы жарық көрген “Өкініш” өмірбаяндық фильмі Қазақстанда рекордтық касса жинады. Әнші 2020 жылы Шымкент қаласының құрметті азаматы атанды. 

Сізге Қайрат Нұртастың қай әні ұнайды?