«Үйде жатпа» күнтізбесі. 25 желтоқсан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 25 декабря, 2022


☑️ Бүгін — католиктер Рождество мерекесін тойлайды. Бұл христиандардың маңызды мерекелерінің бірі. Сондықтан аталмыш күні әлемнің 100-ден астам елінде мемлекеттік мереке ретінде есептеліп, демалыс күні болып бекітілген. 25 желтоқсан Рождествоны католиктер ғана емес, көптеген елдің православтары, лютерандары және басқа протестанттық конфессиялары атап өтеді.  

Егер таныстарыңыздың арасында христиандар болса, оларды мерекесімен құттықтап қойыңыз!

☑️ Осыдан 43 жыл бұрын Ауған соғысы басталды. 1979 жылы 25 желтоқсан Кеңес әскерлері Ауғанстанға кіре бастады. Тарихшылар мен мамандардың пікірінше, КСРО үшін бұл мән-мағынасы жоқ соғыстардың бірі болған. Себебі мұнда оппозиция күшін басу мүмкін болмады. Сәйкесінше, Ауғанстан ішінде саяси тұрақтылық болмады әрі елдегі азаматтық соғыс жалғасты. 

Қазақстаннан Ауған соғысына 22000 адам қатысып, олардың 761-і қаза тапты. 21 адам хабарсыз кетті. Бүгінгі таңда Қазақ елінде 10000-ға жуық ауған ардагерлері бар. Олардың 3000-дайы мүгедектер қатарында.

☑️25 желтоқсан — шыршаның мерекелік шарларын сыйға тарту күні аталып өтеді. Әдемі шырша ойыншығы жаңа жыл қарсаңына орай достарыңыз бен әріптестеріңізге, балаларыңызға және ата-аналарыңызға берілетін тамаша сыйлық. Ойыншықты дүкеннен сатып алуыңызға болады немесе өзіңіз жасасаңыз тіпті жақсы. Бұл кез келген адамға жағымды эмоция сыйлайды. Аталмыш мереке Германияда қалыптасқан. Аңыз бойынша, бұл дәстүрді неміс реформаторы Мартин Лютер бастаған.

 

Сіз жаңа жыл мерекесінде үйіңізге шырша қойып, безендіресіз бе? 

☑️25 желтоқсан өмірге келген қазақтың танымал тұлғалары. 132 жыл бұрын қазақ мемлекеттік, саяси және қоғам қайраткері — Мұстафа Шоқай (1890-1941) дүниеге келді. Ол – Алаш қозғалысының төл перзенті, Алаш идеялары мен мұраттары аясында қанаттанған, қазақ, өзбек және басқа да түркі халықтарының ұлттық бостандығы үшін күресінің стратегиясы мен тактикасын айқындаған тұлға. Ақпан төңкерісіне дейін Алаш көшбасшысы Ә.Бөкейханмен бірге Ресей Мемлекеттік Думасының мұсылман фракциясында хатшы қызметін атқарады. 1916 жылғы дүрбелең кезінде Түркістан және жалпы қазақ жеріндегі бассыздықтарды әшкерелеп, Мемлекеттік Думаға арнайы құжатты мәліметтер ұсынады. Сөйтіп, осыған байланысты комиссия құруға себепші болады. 1917 жылы төңкерістер тұсында мықты Түркістан мемлекетін құру идеясын ұстанады. Ташкентте «Бірлік туы» газетін ашады. Қайраткер 1941 жылы 27 желтоқсанда Берлинде жұмбақ жағдайда қайтыс болады.

83 жыл бұрын Қазақстан Республикасының ақын және халық жазушысы Фариза Оңғарсынова (1939-2014) дүниеге келді. Ол бірқатар поэтикалық кітаптар мен басылымдардың авторы, Абай сыйлығының лауреаты. Сонымен қатар белгілі қоғам қайраткері. Фариза Оңғарсыновп Астанада Қабанбай батыр кесенесінің жанындағы Ұлттық пантеонда жерленген.

 

Сіздің қалаңызда Мұстафа Шоқайдың есімімен аталған орындар, көшелер бар ма?