«Үйде жатпа» күнтізбесі. 26 наурыз: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 26 марта, 2025


🤩1993 жылы 26 наурызда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан басшылары “Аралды құтқару халықаралық қоры туралы ережеге” қол қойып, Арал теңізі мен Арал маңы аймағының мәселелерін шешу, экологиялық жағдайды жақсарту және әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимылдар туралы келісімді бекітті. Кеуіп кету процесі басталғанға дейін Арал теңізі әлемдегі төртінші ірі көл болған. Онда 34 түрлі балық түрі тіршілік етті.

Сіз қалай ойлайсыз, Арал теңізі қайта қалпына келуі мүмкін бе?

😮‍💨26 наурыз – Халықаралық эпилепсиямен ауыратын адамдар күні. Бұл күннің белгіленуі қоғамның эпилепсия туралы түсінігін арттырып, ауруға қатысты түрлі мифтерді жоққа шығаруға бағытталған.  Эпилепсия жұқпалы ауру емес, ал оның тұқым қуалау ықтималдығы өте төмен – небәрі 8%. Бұл дертке шалдыққан жандар дені сау, көрікті балалардың ата-анасы бола алады. 2022 жылы Қазақстанда 76 мың эпилепсия диагнозы қойылған науқас тіркелген, олардың 27 мыңы – балалар.

👏26 наурызда медитация әуесқойлары жалғыздық күнін атап өтеді. Адам – әлеуметтік жаратылыс, бірақ ең ашық, көпшіл жандардың өзіне кейде жалғыздық қажет болып жатады. Медитация жанды мазалайтын ойлар мен эмоциялардан арылуға, ми қызметін жақсартуға және психологиялық тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі. Ал бұл өз кезегінде адамның қоғаммен қарым-қатынасын жақсартуға оң әсерін тигізеді.

Сіз бір күніңізді ешкіммен сөйлеспей өткізе алар ма едіңіз? :)

🫂26 наурыз – танымал қос тұлғаның туған күні. 135 жыл бұрын қазақтың ақыны, композиторы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Нартай Бекежанов (1890–1954) дүниеге келді. Бекежановтың “Толқын”, “Нартай сазы”, “Ахау, жалған”, “Нартайдың әні” сынды әндері қазақ халық музыкасының алтын қорына енді. Оның “Домбыра сазы”, “Өлеңдер мен айтыстары”, “Өсиет”, “Аманат” атты шығармалары кітап болып жарық көрген. Бүгінде Қызылорда облыстық қазақ драма театры ақынның есімімен аталады. Сонымен қатар бүгін британдық кино және театр актрисасы Кира Найтли өзінің 40 жас мерейтойын атап өтеді. Кира Найтли 50-ге жуық фильмге түсіп, олардың көбі блокбастерлерге айналды. Өзінің мансабы барысында ол әйелдер құқығын қорғау ұйымдары мен қайырымдылық қорларға тұрақты түрде қаражат аударып келеді.

Сізге Кира Найтлидің қай фильмі көбірек ұнайды?