«Үйде жатпа» күнтізбесі. 26 наурыз: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 26 Наурыз, 2023


🐟 Бүгін – Арал теңізі күні. 1993 жылы 26 наурызда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан басшылары Халықаралық Аралды құтқару қоры туралы ережеге қол қойып, «Арал теңізі мен Арал өңірінің проблемаларын шешу жөніндегі бірлескен іс-қимылдар әрі Арал өңірінің экологиялық жағдайын жақсарту және әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету» туралы құжатты бекітті. Арал теңізі тартылмай тұрып, балықтың 34 түрі мекендеген дүниежүзіндегі төртінші көл болды.

 

Қалай ойлайсыз, Арал теңізі қайта қалпына келе ме? 

👀 26 наурыз – Халықаралық эпилепсия күні аталып өтеді. Осы күннің негізінде халық аурудан хабардар болып, түрлі миф түсініктерден арылып, сауаты артуда. Эпилепсия – жұқпалы ауру емес. Оның тұқым қуалау көрсеткіші – 8%-дан аспайды. Эпилепсиямен ауыратын жандар сау әрі әдемі балалардың ата-аналары болуы мүмкін. Өткен жылы Қазақстанда эпилепсиямен ауыратын 76 мың науқас тіркелсе, оның 27.000-ы балалар.

🌱Бүгін медитация әуесқойлары – жалғыздық күнін атап өтуде. Адам –  әлеуметтік жаратылыс. Бірақ соған қарамастан кейде ең коммуникативті адамдар да жалғыз қалуға мәжбүр болады. Медитация адамды қысым жасайтын ойлар мен эмоциялардан арылуға көмектеседі. Сонымен қатар ми жұмысын жақсартып, психологиялық жағдайды үйлестіруге ықпал етеді. Бұл болашақта қоғаммен өзара әрекеттесуге оң әсерін тигізеді.

 

Ал сіз адамдармен араласпай бір күн  шыдай аласыз ба?:)

👥 26 наурыз екі атақты тұлғаның туған күні. 133 жыл бұрын қазақ ақыны, сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері – Нартай Бекежанов (1890-1954) дүниеге келді. Оның «Толқын», «Нартай сазы», ​​«Ахау, жалған», «Нартайдың әні» және тағы басқа әндері қазақ халқының алтын қорына заңды түрде енді. «Домбыра сазы», ​​«Өлеңдер мен айтыстары», «Өсиет», «Аманат» атты шығарма жинақтары жеке кітап болып жарық көрді. Қызылорда облысының қазақ драма театры оның есімімен аталады.

Бүгін британдық кино және театр актрисасы – Кира Найтли 38 жасқа толды. Өзінің жасына қарамастан, ол 50-ге жуық фильмге түсті. Олардың көпшілігі блокбастерлерге айналды. Актриса мансап жолында тапқан ақшасының бір бөлігін қайырымдылық пен әйелдер құқығын қорғау ұйымдарына үлестіріп жүр. 

 

Сіздің сүйікті Кира Найтли фильмі қандай?