«Үйде жатпа» күнтізбесі. 27 мамыр: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 27 Мамыр, 2023


Бүгін – батыл шешім қабылдау күні. Көптеген адам не қалайтынын біледі. Алайда оны жүзеге асыру үшін нақты бір қадам жасауға қорқады. Батыл шешім күтпеген жерден келеді. Өкінішке қарай, ол әрқашан дұрыс әрі оңтайлы бола бермейді. Бірақ тағдырдың берген мүмкіндігін, өз уақытында пайдалану маңызды. Сондықтан бұл күн өзгеріске жол ашатын, шабыттандырушы күн болсын. Есіңізде болсын, кез келген істе өкініш болмас үшін, оны міндетті түрде жасап көріңіз. 

Сабақты ине сәтімен екенін жадыңыздан шығармаңыз!

 

🎊1992 жылы 27 мамырда Жамбыл облысы Шу ауданы Балуан Шолақ есімімен аталған ауылда оның ескерткіші де ашылды. Балуан Шолақ (1864-1919) балалық шағында оң қолының саусақтары болмаса да, асқан күшімен ерекшеленіп, шебер күрескен. Оның Севр мен Каронды жеңгені әлі күнге дейін ел аузында. Сондай-ақ бала кезінен өнерге жақын болып, ән айтып, домбырада ойнады. Тіпті шығармалары «Қазақ халқының 1000 әні» жинағына енді. Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» кітабында айтыскер ақынның өмір жолы жақсы баяндалған. 

 

Сіздің қалаңызда Балуан Шолақ есімімен аталған көше не ғимараттар бар ма?

🐟Бүгін балық әуесқойлары майшабақ күнін атап өтеді. Арнайы құтыға салынған майшабақтар (шпроты) алғаш рет 1890 жылы 27 мамырда Ригада пайда болды. Мұндай балықтардың дәмі тіл үйіреді. Сонымен қатар құрамында ағзаға пайдалы дәрумендер де бар. Атап айтатын болсақ, ақуыз, пайдалы май, А, В1, В2, Е дәрумендері, фосфор, хром және кальций. Ал құрамындағы аминқышқылдарының мөлшері бойынша ет өнімінен кем түспейді. Аталмыш өнімде жоғары калория болғандықтан, ол диета ұстап жүрген адамдарға жарамайды.

 

Сізге қай балық түрі ұнайды: майшабақ әлде килька?

👥27 мамыр өмірге келген атақты адамдар. Бүгін «Бәйтерек» ұлттық дәстүрлі театрының негізін қалаушы, жазушы-ғалым Мырзатай Жолдасбеков 86 жасқа толды. Оның ғылыми еңбектерінде Қытайда, Түркияда, Иранда және басқа да елдерде жарық көрген халық ақындары жырларының мағыналық сұлулығы жүйеленіп, ашылған. Сондай-ақ ол түркі рунологиясы бойынша іргелі зерттеу жұмысының авторы. Осы еңбегі үшін Күлтегін атындағы сыйлыққа ие болды. Сонымен қатар бүгін ағылшын аспазшысы, ресторатор және тележүргізуші Джейми Оливер 48 жасын атап өтеді. Ол танымал аспаздық кітаптардың авторы әрі бүкіл әлем бойынша мейрамханалар желісінің иесі. Әлемдегі ең танымал аспаздың байлығы 240 миллион долларға бағаланады. 

Сіз Джейми Оливердің хабарын тамашалайсыз ба?