«Үйде жатпа» күнтізбесі. 27 желтоқсан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 27 декабря, 2024


💉27 желтоқсанда БҰҰ-ның бастамасымен Халықаралық эпидемияға қарсы дайындық күні аталып өтеді. Қазіргі таңда жаһандық мәселелермен тоқтаусыз күресіп келеміз. Алайда олардың саны әлі де қысқармай тұр. Мәселен, бұған дейін жылдам таралған COVID-19 пандемиясына әлем халқының дайын болмағанын білеміз. Ал өткен жылы қазақстандықтар қызылша мен тұмау індетінен зардап шекті. 

 

Профилактика шараларын әрдайым сақтап жүріңіз!

💞27 желтоқсанда көптеген елде романтикалық мереке — арбау күні тойланады. Арбау —  жүрегіңізден орын алған жанмен жақын болуға мүмкіндік беретін тамаша тәсіл. Бұл қасиетке ерлер де, әйелдер де ие. Алайда бұған кедергі келтіретін бірнеше фактор бар. Мысалы, шешім шығара алмау, сенімсіздік, тәкаппарлық және ұялшақтық сынды қасиеттерді атап өтуге болады. Ал негізгі шектеуші — адамның өзі. Себебі басым көпішілігі ең алдымен кемшіліктерін ойлап, бойындағы артықшылықтарына мән бермей жатады. Егер ішкі тосқауылды жеңіп, өзіңізге сенім арта білсеңіз, көптеген мүмкіндікке жол ашатыныңыз анық. 

 

Егер әлдекімге сезіміңізді айтуға ұялып жүрсеңіз, дәл бүгін соны орындауға тамаша мүмкіндік бар! 

 

📚1892 жылы 27 желтоқсанда Павлодарда тегін оқу залы бар қоғамдық кітапхана ашылды. Ол қалалық биліктің шешімімен, көпес Артемий Деров пен қаланың басқа да меценаттарының қайырымдылық көмегінің арқасында іске қосылды. 1896 жылға қарай кітапхана уездік мәртебеге ие болды. Кейін бұл күн кітапхананың құрылған жылы болып саналды. 1996 жылы 100 жылдық мерейтойына орай Павлодар облыстық кітапханасына қазақ ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың есімі берілді.

 

Қазақстандағы алғашқы кітапхана қай қалада ашылды?

👥27 желтоқсан — танымал қос тұлғаның туған күні. 121 жыл бұрын қазақ тілі білімінің негізін қалаушылардың бірі, түркітанушы — ғалым Сәрсен Аманжолов (1903-1958) дүниеге келді. Ол бастауыш, орта және жоғары оқу орындары үшін қазақ грамматикасы мен қазақ жазуының (әліпби және орфография) және қазақ терминологиясының негізгі қағидаларын жасап, кириллицада қазақ диалектологиясының құрылымын әзірледі. Сонымен бірге орфография және қазақ-орыс сөздіктерін құрастырып, редакциялады. Сондай-ақ бүгін француз актері Жерар Депардье 76 жасқа толды. Ол 200-ден астам фильмге түскен заманауи кино өнерінің ең танымал әрі еңбекқор актерлерінің бірі. Оның рөлдерінің ауқымы Голливудтың блокбастерлерінен бастап фестиваль шедевріне, бюджеті төмен комедиялар мен телехикаяларға дейін қамтылды. «Оскар» сыйлығының және көптеген беделді марапаттардың иегері — Шешен Республикасының құрметті азаматы.

 

Сізге Жерар Депардьенің қай фильмі ұнайды?