«Үйде жатпа» күнтізбесі. 28 қазан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 28 октября, 2024


🫢Бүгін — Дүниежүзілік мультфильмдер күні. 1892 жылы 28 қазанда Парижде суретші және өнертапқыш Эмиль Рейно алғаш рет қозғалмалы суреттерді көрсететін “праксиноскоп” аппаратын көпшілікке ұсынды. Оптикалық театрдың құрылуы қазіргі мультфильмдердің прототипімен тікелей байланысты. Сондай-ақ бүгін анимациялық фильмдер дәуірінің басталуымен тұспа-тұс келеді. Нақтырақ айтсақ, бұл күн мультфильм жасайтын мамандардың ғана емес, ересектер мен балалардың да мерекесі. Өйткені мультфильмді бәрі жақсы көреді.

 

Сіздің сүйікті мультфильміңіз қандай? 

 

😻Бүгін Дүниежүзілік дзюдо күні де аталып өтеді. Дзюдо — тек спорт түрі емес, бұл адамның бойында құрмет, ар-намыс, табандылық, батылдық және басқа да тұлғалық қасиеттерді сіңіруге көмектесетін білім беру жүйесі әрі тәрбие көзі. Жапондық жекпе-жек өнері мектебіндегі шәкірттер саны жыл сайын артып келеді. Бүгінде бұл спортпен айналысатын 20 миллионнан астам адам бар. Сондай-ақ әлем бойынша 200-ден астам ұлттық федерация бой көтерген. 28 қазан жауынгерлік өнердің әрі Кодокан мектебінің негізін қалаушы Джигоро Каноның (1860-1938) туған күніне орай таңдалды. 

 

Егер дзюдомен айналысатын таныстарыңызды білсеңіз, оларды мерекесімен құттықтауды ұмытпаңыз!

 

👏Қазан айының төртінші дүйсенбісінде ЮНЕСКО-ның бастамасымен Мектеп кітапханалары күні атап өтіледі. Бұл — жаңа оқу жылына дайындық кезінде оқушылардың жиі бас сұғатын орны. Олар баспа сиясының иісін иіскеп, сөмкелерін түрлі оқулықпен толтырады. Білім беру және тәрбиелік қызметте маңызды рөл атқарғанына қарамастан, мектеп кітапханаларының жағдайы мәз емес. Заманауи әдебиеттің тапшылығы, әлемдік классикаға қажет өзгеріс, техникалық жабдықтың нашар болуы – кітапханалардың негізгі мәселесі. Қазақстанда 6 мыңнан астам мектеп кітапханасы жұмыс істейді. Олардың қатарында бүгінгі күні 8 мыңға жуық кітапханашы қызмет етеді. 

 

👥28 қазан — әйгілі екі әйелдің туған күні. Бүгін сүйікті халық әншісі, актриса, педагог және профессор Роза Рымбаева 67 жасқа толды. Ол 1977 жылы Болгарияда өткен “Алтын Орфей” фестивалінде “Әлия” әнін орындағаны үшін бас жүлдені жеңіп алды. КСРО әншілерінің хит-шеруінде Алла Пугачева және София Ротарумен бірге үздік үштікке енді. Өнер иесі өз есімін әнші Роза Бағланованың құрметіне орай алған. Оны «Қазақстанның алтын дауысы» және «Орталық Азияның әнші бұлбұлы» деп те атайды. Сондай-ақ бүгін америкалық кино және теледидар актрисасы, продюсер Джулия Робертс 57 жасын атап өтеді. 1990 жылы «Красотка» фильміндегі басты рөлі оны әлемге танымал етті. Осылайша Джулия әлемдегі ең атақты әрі ең көп жалақы алатын актрисалардың біріне айналды. Оның қатысуымен түсірілген фильмдер әлемдік прокатқа екі миллиард доллардан астам пайда әкелді. Өнер иесі — «Оскар»сыйлығының иегері.

 

Сізге Роза Рымбаеваның қай әні ұнайды?