«Үйде жатпа» күнтізбесі. 28 маусым: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 28 Маусым, 2023


🐏 Құрбан айт — барлық мұсылмандар үшін үлкен мереке. Бұл күні әр мұсылман Алла разылығы үшін құрбан шалып, дініне, иманына адалдығы мен шынайы ықыласын білдіреді. Нақтырақ айтсақ, адамның Аллаға рухани бет бұруын айшықтайды. Қасиетті мерекенің тарихы Ибраһим пайғамбармен байланысты. Бұл туралы Құран Кәрімде баяндалған. Бірде түсінде бір періште пайғамбарға келіп, Алланың қалауымен Ибраһим өз ұлын құрбандыққа шалу қажет екенін айтады. Пайғамбар бұйрықты орындап, баланы пышақпен бауыздауға дайын болады. Осы сәтте Алла Тағала суық қарудың бейкүнә балаға зиянын тигізбеуін қадағалайды. Бұл сынақты Аллаһ Ибраһимнің иманын сынау үшін жіберген еді. Осылайша сынақтың сыйы ретінде пайғамбарға ұлының орнына құрбандыққа шалуға болатын қойды көрсетеді.

 Баршаңызға ұлық мереке — Құрбан айт мейрамы құтты болсын!

💻Бүгін – Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні. 1991 жылы 28 маусымда Қазақстанда БАҚ туралы алғашқы заң қабылданды. Бұған дейін кәсіби мереке 1870 жылы 10 мамырда алғашқы қазақ тілді «Түркістан уәлаятының газеті» шыққан күні аталып өтті. Бірақ кейін бұл газетті Ресей үкіметі қаржыландырып, «қазақ даласын отарлауды насихаттап жүргені» белгілі болды.

 

Егер таныс журналистерді білсеңіз, оларды мерекесімен құттықтап қойыңыз!

🫂28 маусым – құшақтау күні де атап өтіледі. Ғалымдар тактильді байланыс адамдар үшін қауіпсіздік пен ішкі тепе-теңдік сезіміне жету үшін өте маңызды екенін айтады. Психологтар ұзақ өмір сүру үшін күніне 4 құшақ, деннің саулығы үшін 8 құшақ және интеллектуалды даму мен жеке өсу үшін 12 құшақ қажет деп санайды. Бұл күннің мақсаты – виртуалды әлемде көп уақыт өткізетін адамдардың назарын жан-жарына, ата-ана мен балаға деген сүйіспеншіліктің көрінісі ретінде тактильді байланыстардың маңыздылығына аудару.

👥28 маусым өмірге келген танымал тұлғалар. 311 жыл бұрын француз философы, жазушысы, ағартушылық дәуірінің ойшылы Жан-Жак Руссо (1712-1778) дүниеге келді. Ол сентиментализмнің ең көрнекті өкілі. Жазушы «табиғатқа қайта оралуды» уағыздап, толық әлеуметтік теңдік орнатуға шақырды. Сонымен қатар бүгін әлемдегі ең бай адам Илон Маск 52 жасқа толды. Ол SpaceX негізін қалаушы, бас директоры әрі бас инженері; Tesla инвесторы, бас директоры; The Boring Company, Neuralink және OpenAI негізін қалаушы. Өткен жылы ол Twitter-ді сатып алды. Оның байлығы 1 маусымда 192 миллиард долларды құрады. 

Илон Масктың туған күніне қандай жылы лебізіңізді білдіресіз?