«Үйде жатпа» күнтізбесі. 28 маусым: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 28 Маусым, 2024


📱Бүгін – Қазақстанда Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні. 1991 жылы 28 маусымда Қазақстанда БАҚ туралы алғашқы заң қабылданды. Бұған дейін кәсіби мереке 1870 жылы 10 мамырда алғашқы қазақ тілді «Түркістан уәлаятының газеті» шыққан күні аталып өтті. Бірақ кейін бұл газетті “қазақ даласын отарлауды насихаттап жүрген” Ресей үкіметі қаржыландырып отырғаны белгілі болды.

 

Егер таныс журналистерді білсеңіз, оларды кәсіби мерекесімен құттықтап қойыңыз!

🫂28 маусымда “шынайы құшақтау” күні де аталып өтеді. Ғалымдар адамдар арасындағы жақын байланыс қауіпсіздік пен ішкі тепе-теңдік сезіміне жетуде өте маңызды роль атқаратынын айтады. Психологтар ұзақ өмір сүру үшін күніне 4 мәрте құшақ, деннің саулығы үшін 8 мәрте құшақ және интеллектуалды даму мен жеке өсу үшін 12 құшақ қажет деп санайды. Бұл күннің мақсаты – виртуалды әлемде көп уақыт өткізетін адамдардың назарын жан-жарына, ата-ана мен балаға деген сүйіспеншіліктің көрінісі ретінде тактильді байланыстардың маңыздылығына аудару.

👌1997 жылы 28 маусымда Майк Тайсон Эвандер Холифилдтің құлағынан тістеп алды. Бүкіл әлем тамашалаған жекпе-жекте бокстан бұрынғы әлем чемпионы Майк Тайсон чемпиондық титулды қорғап жатқан Эвандер Холифилдті бетіне басын тигізгені үшін ашуланып, құлағынан тістеп алады. Жекпе-жек тоқтатылады, бірақ Тайсонға ескерту жасалғаннан кейін төреші жарысты жалғастыруға рұқсат береді. Осылайша Тайсон қарсыласының құлағының бір шетін жұлып алған еді. Осыдан кейін Тайсон тағы да ереже бұзып, жекпе-жек тоқтатылады. Тайсон жарыстан шеттетіліп, оған 3 миллион доллар көлемінде айыппұл салынады. 2009 жылы танымал телешоуда Тайсон Холифилдтен кешірім сұрады. Өз кезегінде ол “Темір” Майкты кешіріп, қабылдады. 

 

Ұлы Тайсонның бұл ерсі әрекетін мына жерден көре аласыз https://www.youtube.com/watch?v=zKPMVex-UKk

👥28 маусым өмірге келген танымал тұлғалар. 312 жыл бұрын француз философы, жазушысы, ағартушылық дәуірінің ойшылы Жан-Жак Руссо (1712-1778) дүниеге келді. Ол сентиментализмнің ең көрнекті өкілі. Жазушы “табиғатқа қайта оралуды” уағыздап, толық әлеуметтік теңдік орнатуға шақырды. Сонымен қатар бүгін әлемдегі ең бай адам Илон Маск 53 жасқа толды. Ол SpaceX негізін қалаушы, бас директоры әрі бас инженері; Tesla инвесторы, бас директоры; The Boring Company, Neuralink және OpenAI негізін қалаушы. Өткен жылы ол Twitter-ді сатып алды. Оның байлығы 1 маусымда 192 миллиард долларды құрады. 

Илон Масктың туған күніне қандай жылы лебізіңізді білдіресіз?