💪Бүгін салауатты өмір салтын ұстанатындар Халықаралық нутрициология күнін атап өтеді. Бұл мамандықтың күннен күнге танымалдылығы артып келеді. Аталмыш мереке оның ерекшеліктері мен міндеттерін нақтылауға арналған. Нутрициологтың негізгі міндеті — денсаулық мәселесінде туындайтын түрлі жағдайдың алдын алу, дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салтына қатысты бағыт көрсету.
Осы мерекеге қатысы бар барлық жанды аталмыш күнмен құттықтаймыз!
✍️Сонымен қатар 28 наурыз — Дүниежүзілік тарихшылар күні. Алғашқы тарихшылардың бірі – Геродот. Оны Римнің атақты мемлекет қайраткері әрі шешен Цицерон “тарихтың атасы” деп атаған. Ал Мұхаммед Хайдар Дулати мен Шоқан Уәлиханов қазақтың тұңғыш тарихшылары болып саналады. Тарих пен жады бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан бүкіл әлемде өз халқының және жалпы адамзаттың тарихынан бейхабар жандарға әрі оны білуге талпынбайтындарға жағымсыз атау беріледі.
Егер таныстарыңыздың арасында тарихшылар болса, мерекесімен құттықтап қойыңыз!
😮 28 наурыз — Үлкен өзгерістер күні. Бұл күн жалқаулыққа бой алдырмай, айналаңыздағы барлық жанға өз өміріңіздің нағыз қожайыны екеніңізді дәлелдеуге шақырады. Өміріңізді жақсы жаққа өзгерту үшін тау қопарудың қажеті жоқ. Тек алғашқы қадам жасасаңыз жеткілікті.
Ендеше барша оқырманның алға қойған мақсаттарына сүрінбей жетуін тілейміз!
👥28 наурыз — атақты екі адамның туған күні. 144 жыл бұрын қазақтың ақыны, әнші, сазгер Мәди Бәпиұлы (1880-1921) дүниеге келді. Оның “Қаракесек”, “Шіркін-ай”, “Мәди” әндерін Е.Брусиловский қазақтың тұңғыш “Қыз Жібек” ұлттық операсында пайдаланды. А.Жұбановтың, Ә.Бектасовтың, Ә.Әбішевтің “Найзағай” романының зерттеулері оның өмірі мен шығармашылығына арналады. Алайда Кеңес үкіметі оны сотсыз-тергеусіз атып тастады. Сонымен қатар бүгін қайталанбас әрі ерекше стилімен танылған америкалық әнші және актриса Леди Гага 38 жасқа толды. Ол бір жылда Оскар, Грэмми, BAFTA және Алтын глобус сыйлықтарын қатарынан жеңіп алған тарихтағы алғашқы адам болды. Музыка саласында “100 үздік әйел тізімінде” төртінші орында тұр.
Сізге Леди Гага қай маман иесі ретінде көбірек ұнайды: әнші немесе актриса ?