«Үйде жатпа» күнтізбесі. 28 наурыз: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 28 марта, 2025


💪28 наурызда салауатты өмір салтын ұстанатын жандар Халықаралық нутрициолог күнін атап өтеді. Бұл мамандық күн санап танымал бола түсуде, ал мереке оның маңыздылығы мен міндеттерін түсіндіруге арналған. Нутрициологтың басты мақсаты – дұрыс тамақтану мен өмір салты арқылы денсаулықты нығайту, аурулардың алдын алу және адамның күш-қуатын сақтауға көмектесу. Нутрициолог атану үшін кәсіби дайындық курстарынан өту жеткілікті, ал диетолог болу үшін міндетті түрде медициналық жоғары білім қажет.

Осы мамандық иелерін кәсіби мерекесімен құттықтаймыз!

🗣28 наурызда әлем бойынша тарихшылар өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді. Тарих ғылымының негізін қалаушылардың бірі – ежелгі грек ойшылы Геродот. Оны римдік мемлекет қайраткері әрі шешен Цицерон «тарихтың атасы» деп атаған. Қазақ тарихнамасында алғашқы зерттеушілердің қатарында Мұхаммед Хайдар Дулати мен Шоқан Уәлихановтың есімдері ерекше аталады. Тарих – ұлттың жады. Сондықтан оны білу — әр азаматтың міндеті. Өткенін білмейтін адамның көпшілік арасында сыйы да болмайды. 

Егер таныстарыңыздың арасында тарихшылар болса, оларды мерекесімен құттықтауды ұмытпаңыз!

👀Бүгін – Үлкен өзгерістер күні. Бұл күн адамды жалқаулықтан арылып, өз өмірінің қожайыны екенін дәлелдеуге шақырады. Өмірді жақсы жаққа өзгерту үшін тау қопарудың қажеті жоқ. Ең бастысы – алғашқы қадам жасау. Ол қиын болса да, ең маңыздысы – сол. Дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын ұстану, өзін-өзі дамыту мен шығармашылыққа ден қою – жақсы өзгерістерге жол ашатын басты қадамдар.

Барша оқырманға мақсаттарына жету жолында табандылық пен сәттілік тілейміз!

👥Бүгін — екі әйгілі адамның туған күні. Осыдан 145 жыл бұрын қазақ ақыны, әнші, әрі композитор Мәди Бәпиұлы (1880-1921) дүниеге келді. Оның «Қаракесек», «Шіркін-ай», «Мәди» әндері қазақтың тұңғыш ұлттық операсы «Қыз Жібекке» енгізілген. Мәди Бәпиұлының өмірі мен шығармашылығы Ахмет Жұбанов, А. Бектасов сынды зерттеушілердің еңбектерінде қарастырылып, Әбдіжәміл Әбішевтің «Дауыл» атты романына арқау болған. Өкінішке қарай, ол кеңес билігі тарапынан сотсыз, тергеусіз ату жазасына кесілді. Бүгін сондай-ақ атақты америкалық әнші және актриса Леди Гага 39 жасқа толды. Экстравагантты стилімен танылған өнер иесі – тарихта «Оскар», «Грэмми», BAFTA және «Алтын глобус» сыйлықтарын бір жылда қатарынан иеленген алғашқы адам. Сонымен қатар ол музыка әлеміндегі ең ұлы 100 әйелдің қатарында төртінші орынды иеленген.

Сізге Леди Гага әнші ретінде көбірек ұнай ма, әлде актриса ретінде ме?