«Үйде жатпа» күнтізбесі. 28 желтоқсан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 28 декабря, 2023


👍🏻Бүгін — Халықаралық кино күні. 1895 жылы 28 желтоқсанда капучинок бульварындағы Париж кафесінде ағайынды Люмьерлер адамзат тарихындағы алғашқы «Прибытие поезда на вокзал Ла Сьота» фильмін көпшілікке ұсынды. Бұл туынды көрермендерді қатты дүрбелеңге түсірді. Тіпті экраннан жүріп келе жатқан пойыздан қорқып, орындарынан секіріп, залдан қашып та кеткен. Ал 1939 жылы қазақтың ең алғашқы «Амангелді» фильмі жарыққа шықты.

 

Барлық жұмысшылар мен кино сүйер қауымды осы мерекемен құттықтаймыз!

🌧1972 жылы 28 желтоқсанда Медеу кешені пайдалануға берілді. Табиғи мұз айдыны “рекорд фабрикасы” атағына ие. Бұл орын спорттық кешендер арасында барлық қашықта орнатылған әлемдік рекордтар саны бойынша көшбасшы болып қала бермек. Әлемдегі ең биік қысқы спорт кешенінде 51 жыл ішінде 320 рекорд орнатылды.

 

Медеуге соңғы рет қашан бардыңыз?

❄️2015  жылы 28 желтоқсанда америкалық блогерлер Торғай геоглифтерін жылдың ең таңдаулы 10 жаңалығының қатарына қосты. 2007 жылы Торғайда қазақстандық геоглифтер табылды. Алайда бұл туралы ақпарат әлемге 8 жыл өткеннен кейін ғана белгілі болды. Себебі тек осы сәтте NASA суреттерді жариялаған еді. Қазақстанның солтүстік өңірінің спутниктік бейнелері орасан зор жер құрылымдарын — шаршы, крест, сызықтар мен сақиналар түріндегі бірнеше геометриялық пішіндерді анықтады. Оларды тек жоғарыдан тамашалауға болады. Ежелгі пішіндердің жасы 8000 жылға бағаланады. 

 

Қазақстанның тағы қандай әдемі жерлерін білесіз?

👥28 желтоқсан өмірге келген танымал тұлғалар. 125 жыл бұрын Қазақстандағы әйелдер қозғалысының негізін қалаушы Алма Оразбаева (1898-1948) дүниеге келді. Ол қарапайым мұғалім-журналист қызметінен ірі қоғам және мемлекет қайраткеріне дейін көтерілді. Бар ғұмырын қоғамның мәдениетін көтеруге әрі қазақ әйелдерінің құқығы үшін күреске арнады. Оның күш-жігерінің арқасында қалың мал, әмеңгерлік, көп әйел алуға заң жүзінде тыйым салынды. Сондай-ақ бүгін америкалық актер, режиссер және продюсер Дензель Вашингтон 69 жасқа толды. Өнер иесі “Оскар” сыйлығын екі мәрте, “Алтын глобус” сыйлығын үш мәрте және басқа да көптеген беделді марапаттарды жеңіп алды. 2020 жылы The New York Times Вашингтонды ХХІ ғасырдың ең ұлы актері деп жариялады. Ал 2022 жылы Джо Байден Президенттік Бостандық медалін табыстады.