«Үйде жатпа» күнтізбесі. 28 желтоқсан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 27 декабря, 2022


☑️ Бүгін — Халықаралық кино күні. 1895 жылдың 28 желтоқсанында Париж қаласындағы Капуцинок бульварында ағайынды Луи және Огюст Люмьерлер адамзат тарихындағы тұңғыш киноны көрсетеді. Олар осы кезде өздерінің ойлап тапқан Синематограф аппаратына патент алды. Сондықтан бұл күн Халықаралық кино күні болып белгіленді. Ағайындылар көрермен назарына әлемдегі алғашқы «Прибытие поезда на вокзал Ла Сьота» қысқаметражды фильмін ұсынды. «Прибытие поезда на вокзал Ла Сьота» демонстрациясы көрермендерді қатты дүрбелеңге түсірді. Тіпті олар орындарынан секіріп, экранда келе жатқан пойыз оларды басып қалады деп қорқып, залдан қашып та кеткен. Себебі бұл нәрсе бастапқыда оларға жат еді. Ал ең алғашқы қазақ фильмі «Амангелді» 1939 жылы көрсетілді. 

Осы таңғажайып өнердің барлық қызметкерін және кино сүйер қауымды мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

☑️ 50 жыл бұрын Медеу мұз айдыны пайдалануға берілді. 1972 жылы 28 желтоқсанда Медеу мұз айдыны ресми түрде пайдалануға берілді. Мұнда 320 рекорд орнатылған. Оның атауы ХІХ ғасырдың соңында өмір сүрген қоғам қайраткері, қазақ халқын көшпелі отырықшылыққа бейімдеу жұмыстарымен айналысқан, қазақ балаларына арнап пансионат ашқан Медеу Пұсырмановтың құрметіне берілген. «Медеу» әлі күнге дейін жасанды мұз алаңдардың ішінде, 10,5 мың шаршы метр болатын, қысқы спорт түрлеріне арналған әлемдегі ең биік таулы кешен. Теңіз деңгейінен 1,691 метр биікте орналасқан Медеу мұз айдыны — Алматы қаласы тұрғындарының сүйікті орындарының бірі. Оның аумағы 10500 шаршы метр жерді алып жатыр және 10500 көрерменді сыйғызады. Әлемдегі 120-дан аса үздік спорттық рекорд Медеу мұз айдынында орнатылған.

Медеудің айналасын 21 мың гектар орман-тоғай алқабы қоршап жатыр. Онда қайың, көктерек, қарағай мен шырша, долана, шетен ағаштары өседі. Мұз айдынынан бөлек, мұнда Ғарыш сәулелері ғылыми станциясы, Үлкен Алматы көлі, Жоғарғы Горельник сарқырамасы, Алматыны селден қорғап тұратын бөгеттер, Терренкур және сегіз жүзден астам сатысы бар баспалдақ бар.

Медеуге соңғы рет қашан бардың?

☑️ Осыдан 7 жыл бұрын америкалық блогерлер Торғай геоглифтерін 2015 жылдың таңғаларлық 10 жаңалығының қатарына қосты. Қазақ геоглифтерін Торғай ойпасынан 2007 жылы қостанайлық зерттеуші Дмитрий Дей тапты. Алайда бұл туралы ақпарат әлемге NASA суреттерін жариялаған 8 жылдан кейін ғана белгілі болды. Қазақстанның солтүстік өңірінің спутниктік бейнелері орасан зор жер құрылымдарын — шаршы, крест, сызықтар мен сақиналар түріндегі бірнеше геометриялық пішіндерді анықтады. Оларды тек жоғарыдан көруге болады. Ежелгі пішіндердің жасы 8000 жылға бағаланады. 

 

Қазақстанның қандай әдемі жерлерін білесіз?

☑️28 желтоқсан дүниеге келген танымал актерлар. Бүгін Британ империясы орденінің қолбасшысы — Мэгги Смит 88 жасқа толды. Ол екі мәрте «Оскар» және үш мәрте «Алтын глобус» иегері атанды. Актер барша жұртқа “Гарри Поттер”, “Джейн Остин”және  «Аббатство Даунтон» фильмдеріндегі рөлдері арқылы танымал. 

Сонымен қатар бүгін америкалық актер, режиссер әрі продюсер — Дензел Вашингтон 68 жасын атап өтеді. Белгілі актер “Оскарды” екі рет, “Алтын глобус”сыйлығын үш рет жеңіп алды. 2020 жылы The New York Times оны ХХІ ғасырдың ең ұлы актері деп атады. Ал 2022 жылы Джо Байден оған президенттік “Еркіндік” медалін табыс етті.

Сізге қай актер ұнайды? Мэгги Смит немесе Дензел Вашингтон?