🙌29 қазан – Қазақстанның күзет қызметкерлері күні. Бұл мерекені ішкі істер органдарының арнайы күзет бөлімшелерінің қызметкерлері мен жеке күзет ұйымдарының өкілдері атап өтеді. Кәсіби мереке олардың жеке және заңды тұлғалардың мүлкін, тұрғындар мен қонақтардың денсаулығы мен өмірін қорғауға, ел экономикасын дамытуға қосқан үлесін көрсету үшін белгіленген.
Егер таныс күзетшілерді білсеңіз, мерекесімен құттықтап қойыңыз!
🫢29 қазан — Дүниежүзілік инсультпен күрес күні. Бұл — ми тініне зақым келтіріп, ондағы қан айналымын нашарлататын патология. Бұрын инсульттен көбіне егде жастағы адамдар қайтыс болса, бүгінде 30 жастан асқандар арасында да белең алып барады. Статистикаға сүйенсек, жыл сайын Қазақстанда 40 мыңнан астам адам инсультке шалдығады, олардың 60%-ға жуығы мүгедек болып қалады, ал 5 мыңға жуық адам аурудың алғашқы 10 күнінде қайтыс болады. Бұл күн ерте диагностика жүргізу адам өмірін сақтап қалатынын еске салады.
Салауатты өмір салтын ұстаныңыз және ауырмаңыз!
😻Бүгін Түркия тұрғындары ұлттық мереке – Республика күнін атап өтеді. 1923 жылы 29 қазанда Мұстафа Кемал Ататүрік Түркияны ресми түрде республика деп жариялады. Сөйтіп Түркияның Ұлы ұлттық жиналысында дауыс беру өткізіліп, нәтижесінде Ататүрік Түрік Республикасының тұңғыш президенті болып сайланды. Бұл мереке 1925 жылы ресми мәртебеге ие болды. Қазақстан мен Түркия Түркі мемлекеттері ұйымының құрамына кіреді.
Түріктердің арасында таныс достарыңыз болса, оларды мерекесімен құттықтауды ұмытпаңыз!
👥29 қазан – қазақтың атақты екі тұлғасының туған күні. 108 жыл бұрын КСРО спорт шебері атанған тұңғыш қазақ Шоқыр Бөлтекұлы (1916-1994) дүниеге келді. Қазақстандағы спорттық бокстың негізін салушылардың бірі рингте 223 кездесу өткізіп, оның 199-ында жеңіске жетіп, үш мәрте ел чемпионы атанды. Соғыс кезінде тегіндегі “-ов” жалғауынан бас тартып, оны “-ұлы” деп ауыстырғаны үшін көптеген жеңілдіктен айырылып, түрлі қысымға ұшырады. Оны еске алу үшін бокстан халықаралық турнир өткізіледі. Сондай-ақ 101 жыл бұрын Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев (1923-2017) өмірге келді. Алғашқы әнұран авторларының бірі жас ұрпақты тәрбиелеу мәселелеріне назар аударып, қазақ балалар әдебиетіне зор үлес қосты. Әлімбаев әлем халықтарының мақал-мәтелдерін қазақ тіліне аударып, қырғыздың “Манас” эпосын тәржімалады. Оның шығармалары көптеген тілге аударылып, өлеңдеріне әндер жазылған.
Мұзафар Әлімбаевтың қандай шығармаларын оқыдыңыз?
#күнтізбе #29қазан