«Үйде жатпа» күнтізбесі. 29 сәуір: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 29 Сәуір, 2024


💃Бүгін ЮНЕСКО бастамасымен халықаралық би күні аталып өтеді. 1727 жылы 29 сәуірде заманауи балеттің негізін салушы Жан-Джордж Новер дүниеге келді. Аталмыш күн өнер иесінің құрметіне орай белгіленді. Әр халықтың өзіне тән ұлттық биі болады. Сондықтан мерекенің басты мақсаты – барлық стильді тұтас өнер түрі ретінде біріктіру. Би тілі сөзді қажет етпейді. Алайда ол барлық адамды саяси, әлеуметтік, мәдени және ұлттық шекаралардан тыс біріктіре алады.

 

Қазақтың қандай атақты билерін білесіз? 

✍️29 сәуір – Дүниежүзілік балалар тілегін орындау күні. Бұл мереке 4 жасар Крис Грейхустың ерекше тәжірибесінен басталады. Ол полицей болуды армандайды. Алайда лейкемиямен ауырған бүлдіршінді өлімнен арашалап қалу мүмкін болмады. Мұны естіген Кристің ата-анасының жақын досы оған керемет кеш ұйымдастырып береді. Ол полиция қызметкері болып жұмыс істегендіктен, балаға арманы шындыққа ұласатынын дәлелдеді. Бала офицерлік форманы киіп, мотоциклге мінді. Тікұшақпен ұшып, тіпті полиция қызметкері деген құрметті атаққа ие болды. Кристің анасы осы қайғылы оқиғаны бөліскен уақытта, қамқор адамдар жаһандық қозғалысқа айналған Make-A-Wish қайырымдылық қорын құрды. Жыл сайын 45 000 жуық волонтер дүниежүзіндегі 30 000 науқас баланың тілегін орындап келеді. 

💪Бүгін көршілеріміз Қырғызстан астанасы – Бішкек қаласының күнін тойлауда. Қаланың негізі 1878 жылы 29 сәуірде қаланды. Ал күнтізбеге Астана күні 2006 жылы қалалық кеңес тиісті қаулы қабылдаған кезде енгізілді. Аңыз бойынша, Бішкек батыр XVIII ғасырдың аяғында болашақ қаланың орнына әскери бекініс құрған деседі. Бүгінде қалада миллионнан астам адам тұрады.

 

Бішкектен достарыңыз болса, құттықтауға болады!

👥29 сәуір – атақты екі тұлғаның туған күні. 118 жыл бұрын кәсіби қазақ музыка өнерінің негізін салушылардың бірі Ахмет Жұбанов (1906-1968) дүниеге келді. Ол домбыраға, қобызға, сыбызғыға арналған музыкалық шығармаларды жазып, халық аспаптар оркестріне көптеген халық күйін өңдеді. Сонымен қатар қазақ халық музыкасының тарихына, халық әншілерінің, күйшілерінің, композиторларының өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми еңбектер мен зерттеулердің авторы. 

Сонымен қатар бүгін америкалық актриса әрі модель Ума Турман 54 жасқа толды. Ол Тарантиноның “Убить Билла” және “Криминальное чтиво”фильмдеріндегі рөлі арқылы танымал. Мансап жолында ол 50-ден астам фильмге түсті. 

 

Сіздің қалаңызда Ахмет Жұбановтың есімімен аталған қандай орындар бар?