🗣3 ақпан — Дүниежүзілік бейәдеп сөздерге қарсы күрес күні. Өкінішке қарай, бүгінде қоғамда әдепсіз сөздерді қолдану үйреншікті әдетке айналды. Біз балағат сөздерді теледидар мен телефоннан ғана емес, үлкендердің мен балалардың да аузынан жиі естиміз. Шын мәнінде, бейәдеп сөздерді қолдану – адамның сөздік қорының жұтаңдығын көрсетеді, өйткені өз эмоциясын жеткізуге лайық сөздер табылмай жатады. 2023 жылы Қазақстанда қоғамдық орындарда бейәдеп сөздер қолданғаны үшін айыппұл мөлшері 20 АЕК-ке дейін ұлғайтылып, тіпті 15 тәулікке қамау жазасы қарастырылды.
Сіз бейәдеп сөздерге қарсы күресті қолдайсыз ба?
👄Бүгін — Халықаралық нәзіктік күні. Осы ерекше мерекенің құрметіне орай, әңгімелер мен өлеңдер жазылып, түрлі суреттер салынады. Сонымен қатар тәттілер дайындалып, іс-шаралар ұйымдастырылады. Нәзіктік – мейірім мен жанашырлықтың белгісі. Ол жан жараны емдеп, адамға сенім мен үміт сыйлайды. Философтардың нәзіктікті “ем әрі сый” деп атайтыны бекер емес. Мұндай қарым-қатынас сүйікті адамыңызбен қатар балаларға, ата-аналарға, үй жануарларына, бір сөзбен айтқанда жалпы барлық тіршілік иесіне қажет.
Барша оқырманды осы мерекемен құттықтаймыз!
💃2017 жылы 3 ақпанда Жансая Әбдімәлік Еуразияның ең көрікті шахматшысы атанды. Сұлулық сайысы онлайн форматта өтті. Оған Польша, Әзірбайжан, Үндістан, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстан сияқты сегіз елдің шахматшысы қатысты. Жарыс кезінде Жансая 17 жаста еді. Соған қарамастан ол осы уақытта Қазақстан чемпионы әрі 20 жасқа дейінгі Азияның үздік шахматшысы атағын иеленген еді.
Ал сіз қазақ қыздарының арасында кімді сұлу деп санайсыз?
👥3 ақпан — танымал қос әншінің туған күні. Бүгін қазақ эстрада әншісі, киноактриса және тележүргізуші Нағима Есқалиева 71 жасын атап өтеді. Үлкен диапазондағы мәнерлі дауыстың иегері қазақ халық әндерін ғана емес, сонымен қатар қазіргі замандағы шетелдік композиторлардың шығармаларын да орындап келеді. Ол Чехословакия, Моңғолия, Алжир, Куба, Германия және Дания елдерінде гастрольдік сапармен өнер көрсетті. «SuperStar KZ» және «X Factor» вокалдық телешоуларында қазылар алқасының мүшесі болды.
Сондай-ақ бүгін украиндық әнші, актриса әрі тележүргізуші Вера Брежнева 43 жасқа толды. Ол «ВИА Гра» поп-тобының экс-мүшесі. 2022 жылы наурызда Ресейден Польшаға көшіп, украин босқындарына көмектесу үшін ерікті болды. БҰҰ-ның ЖИТС бойынша Ізгі ниет елшісі. Гастрольдік сапармен Қазақстанға жиі келеді.
Сізге Нағима Есқалиева мен Вера Брежневаның қай әндері ұнайды?