«Үйде жатпа» күнтізбесі. 3 сәуір: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 03 Сәуір, 2024


🐳3 сәуір – Дүниежүзілік су жануарлары күні. Аталмыш күннің мақсаты – әлемдегі су жануарлары арасында кездесетін түрлі проблемаға халықтың назарын аудару. Мәселен, шамадан тыс балық аулау, тұщы су мен дүниежүзілік мұхиттардың ластануы түрлі мәселелерге жол ашуда. Мұндай әрекет су экожүйесінің қоректік тізбегін бұзып қана қоймай, сонымен қатар химиялық заттармен қоректенген балық пен басқа да теңіз өнімдерінің бұзылуына, сәйкесінше адамдардың улануына алып келеді.

 

Осындай бастамаларды қолдайсыз ба?

📞Бүгін ұялы телефонның пайда болған күні. 1973 жылы 3 сәуірде Motorola инженері Мартин Купер бірінші рет нөмір теріп, компания кеңсесіне салмағы 2,5 келі болатын Motorola DynaTAC 8000X ұялы телефонынан қоңырау шалды.

 

Сіздің алғашқы ұялы телефоныңыз қай брендтен? 

🤩2021 жылдың 3 сәуірінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Шымкент қалалық опера және балет театрының директоры Майра Мұхамедқызы классикалық өнер саласындағы “BraVo” сыйлығының иегері атанды. “BraVo” халықаралық кәсіби музыка сыйлығы 2017 жылы Монте-Карло радиосы мен ресейлік медиа тобының қолдауымен тағайындалды. Оған Қазақстан, Ресей, Италия, Индонезия, Қытай, Уругвай, Жапония және Оңтүстік Кореяның өнерпаздары қатысты. 

🎉3 сәуірде өмірге келген атақты тұлғалар. Бүгін қазақтың халық батыры, елімізде 1916 жылы орын алған ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырушы Амангелді Имановтың (1873-1919) туғанына 151 жыл толды. Оған Ж.Жабаев, О.Шипин, тағы басқа ақындар өз өлеңдері мен жырларын арнаған. Жазушы Ғ.Мүсірепов “Амангелді” пьесасында халық батырының көркем бейнесін жасады. Ал бейнелеу өнерінде халық суретшілері Ә.Қастеев пен Қ.Телжанов Аманкелді образын ерекше бейнеледі. Содан соң 1938 жылы режиссер М.Левиннің “Амангелді” фильмі түсірілді. Сонымен қатар 100 жыл бұрын америкалық актер және режиссер Марлон Брандо (1924-2004) дүниеге келді. Ол екі мәрте “Оскар” сыйлығын жеңіп, көптеген беделді марапаттың иегері атанды. Сонымен қатар “100 жылдағы ең керемет 100 кино жұлдызының” тізіміне енді. Көпшілік оны “Өкіл әке” фильміндегі Вито Корлеоне рөлімен еске алады.

 

Сіздің қалаңызда Амангелді Имановтың есімімен аталған ғиамараттар мен орындар бар ма?