«Үйде жатпа» күнтізбесі. 3 шілде: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 03 Шілде, 2024


👍3 шілде – Халықаралық полиэтилен пакеттерінен бас тарту күні. Бұл қаптар беріктігімен, қолайлығымен, сондай-ақ қарапайымдығы үшін ерекше бағаланады. Бірақ олардың табиғи жағдайда ыдырауы үшін 100-ден 200 жылға дейін уақыт қажет. Заттарды тасымалдау үшін пакет орта есеппен 25 минутқа ғана қажет. Ал полигондарда шіріген полиэтилен пакеттерінің ауаға тарайтын улы заттары экологиялық апатқа әкеліп, адамдарды онкологиялық ауруға шалдықтырады. Бұл эко-күннің мақсаты – қағаз қаптамалар мен қайта пайдалануға болатын сөмкелерді қолдануға шақыру.

 

Сіз осындай бастамаларды қолдайсыз ба?

💼1910 жылы 3 шілдеде Әліби Жангелдиннің дүниежүзіне сапары Мәскеуден басталды. Әлемді шарлаған тұңғыш қазақ саяхатшысы 2 жылда Польша, Австрия-Венгрия, Югославия, Болгария, Түркия, Сирия, Палестина, Мысыр, Абиссиния, Арабия, Месопотамия, Парсы, Үндістан, Сиам, Қытай, Жапония елдерін басып өтті. Әліби Жангелдин (1884-1953) – мемлекет қайраткері, Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауына байланысты күресті ұйымдастырушылардың бірі. Ол туралы бірнеше көркем шығарма жарық көріп, фильм түсірілді.

 

Сіздің қалаңызда Әліби Жангелдиннің есімімен аталған қандай орындар бар? 

 

💪1903 жылы 3 шілдеде Қазақстандағы алғашқы арнаулы орта оқу орындарының бірі – Семей мұғалімдер семинариясы ашылды. Оған Семей, Кереку, Өскемен, Қарқаралы, Ақмола уездерінен 24 бала қабылданды. Кейін Тобылдан, Барнаулдан, Жетісудан студенттер қабылдай бастады. Уақыт өте семинария педагогикалық техникумға, кейін колледжге айналды. Бұл оқу орнында ұлттық зиялы қауымның көрнекті өкілдері: Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Жүсіпбек Аймауытов, т.б. 

👥3 шілдеде өмірге келген атақты адамдар. Бүгін америкалық актер, режиссер, сценарист және продюсер Том Круз 62 жасын атап өтеді. Өнер иесі үш мәрте “Алтын глобус” сыйлығына әрі үш мәрте “Оскарға” үміткер болды. Ол 40-тан астам фильмге түсті. Оның көпшілігі блокбастерлерге айналды. Өткен жылы ол жақын арада фильмнің түсірілімі басталатынын айтты. Түсірілім барысында ол ғарышқа шығуы керек еді. Сонымен қатар бүгін австралиялық журналист және тележүргізуші, Wikileaks сайтының негізін қалаушы Джулиан Ассанж 53 жасқа толды. 2006 жылдан бастап ол тыңшылық жанжалдары мен жоғары деңгейдегі сыбайлас жемқорлық жайлы, әскери қылмыстар және АҚШ дипломатиясының құпиялары туралы материалдарын кең көлемде жариялады. Бұл оқиғадан кейін оған зорлады деген айып тағылып, әлеуметтік желілердегі парақшалары жабылып, банктегі есепшоттары бұғатталып қалды. Жақында ол түрмеде отырған уақытына айырбас ретінде тыңшылық жасады деген кінәсін мойындап, іс ресми түрде жабылды.

Том Круздың қай фильмі сізге ұнайды? 

 

#күнтізбе #3шілде