«Үйде жатпа» күнтізбесі. 3 желтоқсан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 03 декабря, 2023


🥹3 желтоқсанда БҰҰ бастамасымен Халықаралық мүгедектер күні аталып өтеді. Дүниежүзінде миллиардқа жуық адам мүгедектіктен зардап шегуде. Оның 700 мыңға жуығы — қазақстандықтар. Олардың барлығы көп жағдайда физикалық, әлеуметтік-экономикалық және мінез-құлық кедергілеріне тап болып жатады. Ал бұл ерекше қажеттілігі бар жандардың қоғамға толыққанды сіңісуіне кедергі жасайды. Бұл күннің мақсаты – мүгедектердің негізгі мәселесіне назар аударып, олардың қадір-қасиеті мен құқықтарын қорғау.

👌Желтоқсанның бірінші жексенбісі — Дүниежүзілік коньки тебу күні. Алғашқы конькилер ХІІ ғасырда Голландияда пайда болды. Бұл мұз басып жатқан жерлермен жүруге әрі аң аулауға өте ыңғайлы еді. Уақыт өте келе адамдар оның денсаулықты жақсартатынын, денеге күш беретінін және сымбатты қозғалыс қалыптастыратынын түсінді. Осылайша коньки тебу бүкіл әлемге кең етек жайды. Көптеген танымал спорт түрлері конькимен тікелей байланысты. Әдетте, бұл күнді атап өту кезінде әлемнің ең үздік спортшыларының жарысы, сондай-ақ телешоулар, шеберлік сабақтары, мұз айдындарына тегін баруға арналған акциялар және т.б. ұйымдастырылады. 

 

Ал сізге коньки тебу  ұнай ма? 


👋1992 жылы 3 желтоқсанда алғашқы SMS жіберілді. Тарихи хабарламаның авторы — 22 жастағы бағдарламашы Нил Папуорт. Мәтінде: “Merry Christmas!” деп жазылды. Ал қазіргі таңда SMS күнделікті өмір мен бизнесте үлкен рөл атқарады. Мұнда пайдаланушыға «мобильді банк» қызметін қолдану, банк операцияларын жүргізу бойынша код жіберу, ТЖ ескертулерін алу, көптеген интернет-ресурстарда тіркелу мүмкіндіктері ашылды. Алайда СМС-тің жағымсыз тұстары да бар. Яғни, алаяқтар жарнамалық пошта мен құпия ақпаратты білу үшін арнайы хабарламалар жіберуі мүмкін. 

🥳3 желтоқсан өмірге келген қазақтың танымал тұлғалары. Бүгін опера әншісі әрі музыка саласының педагогы Қанат Омарбаев 80 жас мерейтойын атап өтеді. Өнер иесі Польша, Чехословакия, Венгрия, Германия, Вьетнам, Корея, Моңғолия, Ресей мемлекеттерінде қазақ опера өнерін көпшілікке ұсынды. Ол — кәсіби және мемлекеттік марапаттардың иегері. Сондай — ақ 75 жыл бұрын кино және театр актрисасы Ғазиза Әбдінәбиева (1948-2021) дүниеге келді. Ол Қазақстанда алғаш түсірілген «Тоғысқан тағдырлар» және «Қара шегіртке» телесериалдарынан Роза апай мен Марго кейіпкері ретінде танымал. Мансап жолында ол 16 фильмге түсті. Театрдағы гастрольдік сапарымен Қазақстанның көптеген қаласына, ТМД елдеріне, Германия мен Иранға барды.