🫶30 мамыр — Дүниежүзілік астма мен аллергияға қарсы күрес күні. Бүгінгі таңда бұл мәселе химия өнеркәсібінің дамуы мен экологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты жаһандық сипат алды. Қазақстандықтардың 25-35%-ы өсімдіктердің гүлдену кезеңіне сәйкес келетін аллергиялық ринит және демікпенің өршу белгілерін сезінеді. Сол себепті дәрігерлер науқастарға тозаңнан аулақ болуға, оны көзге және тыныс алу жолдарына тигізбеуге кеңес береді. Сонымен қатар темекі шегуді тоқтату, дәрі-дәрмектерді тек дәрігердің нұсқауымен қабылдау ұсынылады.
😻Бүгін халықаралық феминизм күні де аталып өтеді. Аталған күн кездейсоқ таңдалған жоқ. Әйелдер өз құқықтары үшін күресті XVIII ғасырда бастағанымен, нақты өзгерістерге тек XX ғасырдың 60-жылдары ғана қол жеткізе алды. Содан бері әйелдер шалбар киіп, еркін жүре бастады, өз кәсібін ашып, мансап жолын қалыптастыра алды, сайлауға қатысу және дауыс беру құқығына ие болды.
Қазақстанда да әйелдердің құқықтарын қорғауға бағытталған қозғалыстар белсенді жұмыс істейді. Алматы мен Астанада 8 наурыз күні феминистік шерулер дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.
Сіз Қазақстанда феминизмнің дамуын қолдайсыз ба?
🗣1953 жылы 30 мамырда Қазақ академиялық опера және балет театрының сахнасында тұңғыш рет “Дудар-ай” операсы қойылды. Либреттосын А.Хангелдин, ал музыкасын Е.Брусиловский жазды. Қоюшы режиссері — Қ.Байсейітов. Бұл орыс қызы Мәриям мен қазақтың сал серісі Думанның арасындағы сезім мен нәзік махаббатты сипаттайтын туынды. Ол орыс қызы Мәриям Жагорқызының әйгілі әніне жазылған. “Дудар-ай” бүгінгі күнге дейін барлық қазақстандық опера театрларының репертуарына енген.
Тағы қандай қазақ опера туындыларын білесіз?
👥30 мамыр — танымал қос музыканттың туған күні. 67 жыл бұрын шведтік Roxette дуэтінің вокалисі Мари Фредрикссон (1958-2019) дүниеге келді. Ол 1990 жылдың басында “Әдемі әйел” фильмінің саундтрегін орындағаннан кейін танымал болды. Өнер иесі көптеген беделді марапаттың иегері. Оның әндері әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпай келеді. Нақтырақ айтсақ, YouTube қосымшасында әншінің туындылары миллиондаған қаралымға ие болуда. Сонымен қатар бүгін Еуропалық оркестрлерді басқарған скрипкашы, тұңғыш қазақ дирижері Алан Бөрібаев 46 жасқа толды. Оның репертуарында әлемдік музыканың бірнеше үлгісі бар. Шетелде дирижерлық ете отырып, әрдайым жұрттың ыстық ықыласына бөленген қазақ композиторларының музыкасын үнемі насихаттап келеді. Өнер иесі А. Педротти атындағы (1998, Италия), Н.Малько атындағы (2001, Дания) конкурстардың лауреаты.
Сіз қазақ классикалық музыканттарының қайсысын білесіз?