🥳Бүгін мұсылмандар қасиетті Рамазан айының аяқталуын айғақтайтын Ораза айт мейрамын атап өтеді. Бұл – жан тазарып, сабыр мен рухани кемелдікке жетуге шақыратын ұлық мереке. Айт намазы таңертең әр аймақта күннің шығуына байланысты түрлі уақытта оқылады. Ораза айт – ізгілік пен мейірімділікке толы күн. Бүгін адамдар бір-біріне қамқорлық танытып, мұқтаж жандарға қол ұшын созады. Атаулы мереке мұсылмандарды ренішті ұмытуға, кешірімді болуға, жан дүниесін ізгілікке бөлеуге үндейді. Өйткені Рамазан айындағы ораза – Ислам дініндегі бес парыздың бірі.
Барша мұсылман қауымын осы мейраммен құттықтаймыз!
🥸2001 жылдың 30 наурызында Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық “Болашақ” стипендиясы түлектерінің қауымдастығы құрылды. Бұл ұйым “Болашақ” бағдарламасы арқылы білім алған жастардың құқықтары мен мүдделерін қорғап, олардың елдің қоғамдық өміріне белсене араласуын қамтамасыз етуді мақсат етеді. Бүгінде “Болашақ” бағдарламасы бойынша 11 мыңнан астам маман даярланып, олардың көпшілігі өз саласында табысты тұлғаға айналды.
Егер таныстарыңыздың арасында “Болашақ” бағдарламасының түлектері болса, оларды осы айтулы күнмен құттықтай аласыз!
😍Бүгін ерекше күн – Саябақта серуендеу күні. Қазіргі таңда қала тұрғындары күйзеліс пен депрессияға жиі ұшырайды. Зерттеулер көрсеткендей, жасыл аймақтарда серуендеуді әдетке айналдырған адамдар өздерін әлдеқайда бақытты сезінеді.
Дәрігерлердің пікірінше, күніне 30 минут жаяу жүру — артық салмақтан арылуға, иммунитетті нығайтуға және жалпы денсаулықты жақсартуға көмектеседі.
Сіз қай саябақта серуендегенді ұнатасыз?
🤩2012 жылдың 30 наурызында қазақстандық “Аңшы бала” фильмі Голливудта өткен International Family Film Festival халықаралық кинофестивалінде “Үздік шетелдік драма” номинациясын жеңіп алды. Фильмде қалада өскен баланың ауылдағы өмірге бейімделуі, жаңа ортаға үйрену барысында бастан кешкен оқиғалары баяндалады. “Аңшы бала” Қазақстан, Мысыр және Ресей кинофестивальдерінде де жүлделі орындарға ие болды.
Егер фильмді әлі көрмесеңіз, оны YouTube платформасынан таба аласыз!