«Үйде жатпа» күнтізбесі. 30 наурыз: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 30 Наурыз, 2023


🗂2001 жылы 30 наурыз Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының түлектерінің қауымдастығы құрылды. Ұйымның негізгі мақсаты – түлектерді қоғамдық өмірде жұмылдыру мен белсенділігін арттыру, түлектердің күш-жігерін, олардың өміріндегі, тәжірибелік қызметінде кездесетін мәселелердің тиімді шешімдерін іздестіру үшін ұжымдық тәжірибені ықпалдастыру болды. Бүгінгі таңда «Болашақ» бағдарламасымен 11 мыңнан астам маман дайындалады. Олардың көпшілігін табысты адамдар деп атауға болады.

 

Егер “Болашақпен” оқып жүрген мамандарды білсеңіз, мерекесімен құттықтап қойыңыз! 

🐾Бүгін – Саябақта серуендеу күні аталып өтеді. Статистикаға сүйенсек, күйзеліс пен жағымсыз эмоциялар қала тұрғындарының жүйке жүйесінің тұрақты сипатына айналған. Зерттеулер бойынша табиғат аясына жиі серуендеп шығатын жандар өзгелерге қарағанда бақыттырақ болатыны дәлелденген. Сонымен қатар дәрігерлердің айтуынша, күніне 30 минут жаяу жүру салмақ тастауға және иммунитетті көтеруге оң әсерін тигізеді. 

 

Сіздің қалаңызда серуендеуге болатын қандай саябақтарды ұсынасыз?

🎬2012 жылы 30 наурызда  Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ шығарған «Аңшы бала» фильмі Голливудта өткен халықаралық отбасылық фильмдер фестивалінде «Үздік шетелдік драма» номинациясы бойынша жүлдеге ие болды. Фильм сюжетін бойынша нағыз қаланың баласын ата-анасы демалысқа ауылға жібереді. 

Осы жерде ол ауылдың неше түрлі қызықты оқиғаларына тап болады. Аталмыш фильм Қазақстан, Египет және Ресейде елдеріндегі кинофестивальдерде жүлделі орындарға ие болды. 

 

Егер «Аңшы бала» фильмін әлі көрмеген болсаңыз, онда YOUTUBE арнасынан тамашалауға кеңес береміз! 

✍️Бүгін қызықты күндердің бірі – Халықаралық қарындаш күні. Қарапайымдылығының, жан-жақтылығының және бұқаралық сипатының арқасында қарындаштар ұзақ өмір сүру тарихында ғарышқа ұшып, ең биік тау шыңдарын бағындырды. Ол сенімді серіктес ретінде дүниежүзіндегі шығармашыл адамдарды шабыттандырады. Қала берді, қалтаға сыйып, еш қуатсыз, WiFi немесе Bluetooth-сыз жұмыс істей береді. Сондықтан шабыт алыңыз, жаңа идеяларды ойлап табыңыз және оларды өмірге әкеліңіз. Сонда ғана кішкентай қарындашыңыз жоспарларыңызды жүзеге асыруға көмектеседі. 

 

Сіз «қарындаш» сөзінің «қара тас» деген мағынаны білдіретін түркі тамыры бар екенін білдіңіз бе?