«Үйде жатпа» күнтізбесі. 30 желтоқсан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 30 декабря, 2023


🎗30 желтоқсан — Cыйлықтарды орау күні. Аталмыш күн дәл уақытында таңдалған. Өйткені жаңа жылдық сыйлықтардың басым бөлігі 30 желтоқсанға дейін сатып алынады. Ал жаңа жылдан бір күн бұрын сыйлықтарды орау бойынша қызу дайындық жүреді. Сыйлықтарды алдын ала орап қоюдың өзіндік кемшіліктері бар екенін ескерген жөн. Мәселен, мұндай жағдайда қаптама мыжылып, лас болып қалуы мүмкін. Сонымен қатар уақытынан бұрын оралған сыйлықтар көп орынды алып, бірден үй ішіндегі адамдардың көзіне түседі. Ал оралмаған сыйлықты оңай жасыруға болады.

 

Сіз туыстарыңыз бен жақындарыңызға сыйлық сатып алдыңыз ба?

💸1922 жылы 30 желтоқсанда әлем тарихындағы ең ірі КСРО мемлекеті құрылды. Оның құрамына Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Латвия, Литва, Молдова, Ресей, Түрікменстан, Тәжікстан, Украина, Өзбекстан, және Эстония кірді. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан одақтас республикалардың арасында КСРО құрамынан соңғы болып шықты. Ал 1991 жылы 26 желтоқсанда КСРО ресми түрде жұмысын тоқтатты.

⌨️2018 жылы Малайзия астанасы Куала Лумпурде өткен менталды арифметика бойынша XXIII бүкіләлемдік жарыста қазақстандық «есептеуіш-балалар» 37 медаль жеңіп алды. Чемпионатқа 80 елден 5 мыңға жуық “есептеуіш-балалар” қатысты. Ал Қазақстаннан еліміздің барлық облысынан 62 бала бой көрсетті. Нәтижесінде олар 1 алтын, 12 күміс, 24 қола медаль жеңіп алды. Ментальды арифметикалық мысалдардың қиындығы баланың деңгейіне байланысты болды. Мысалы, жоғары деңгейде балалар квадрат түбірлерді, пайыздарды, бөлшектерді, бөлшекті қосуды және көбейтуді ойша есептеді.

👥30 желтоқсан өмірге келген танымал спортшылар. Бүгін америкалық гольфшы Тайгер Вудс 48 жасқа толды. Ол мансап жолында бірнеше рет рекорд орнатты. Ал жеңістер саны бойынша гольф тарихында екінші орында бой көрсетті. Тайгер әлемде алғашқы миллиардер спортшы. Алайда ол ақшаның басым бөлігін гольф алаңынан емес, жарнама арқылы табады. 2019 жылы Дональд Трамп спортшыны Президенттің Бостандық медалімен марапаттады. Сондай — ақ бүгін америкалық баскетболшы Леброн Джеймс 39 жасын атап өтеді. Оның бойы — 206 см, салмағы — 113 кг. Cпортшы екі дүркін Олимпиада чемпионы және NBA финалында 4 мәрте жеңіске жетті. Джеймс тарихтағы ең үздік баскетболшылардың бірі. Сол себепті оны көп жағдайда Майкл Джорданмен салыстырады. Өткен жылы оның байлығы миллиард доллардан асты.

 

Сізге қай спортшы ұнайды: Майкл Джордан немесе Леброн Джеймс?