«Үйде жатпа» күнтізбесі. 31 наурыз: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 31 марта, 2025


✍️31 наурыз – сақтық үшін деректерді көшіру күні. Дүниежүзіндегі әр төртінші адам деректерінің сақтық көшірмесін жасайды. Сондықтан телефонның жоғалуы немесе жүздеген маңызды байланыстар, құжаттар мен фотосуреттер сақталған қатқыл дискінің істен шығуы көпшілік үшін үлкен трагедияға айналады. Бұл күннің белгіленуі кездейсоқ емес. Файлдарды сақтық көшірмелеудің маңыздылығын еске салу идеясы Күлкі күні қарсаңында туындаған. Өйткені дәл осы уақытта компьютерлерге арнайы жасалған 1 сәуірлік вирустар шабуылдап, көптеген жүйенің істен шығуына себеп болады.

Сіз өз деректеріңіздің сақтық көшірмесін жасап жүрсіз бе?

👀Бүгін әлемде әртүрлі көздер күні аталып өтеді. Бұл күн гетерохромиясы бар жандарды қолдауға арналған. Гетерохромия – көздің қарашығының әртүрлі түсте болуы. Ғылым бұл құбылыстың сырын әлі толық аша қойған жоқ. Ежелгі дәуірде мұндай ерекшелігі бар адамдарға тылсым қабілеттер телініп, оларды өзгелерді ішінен көре алады деп сенген. Кейбір халықтар арасында тіпті зұлым күштермен байланысы бар деген түсінік қалыптасқан. Ал бүгінде әртүрлі көз түсі – адамның даралығын айқындайтын ерекше белгі ғана емес, сұлулықтың өзіндік бір көрінісі саналады. Әр адам қайталанбас тұлға. Егер сіздің көзіңіздің түсі әртүрлі болса, оны жасырудың қажеті жоқ, керісінше, ерекше даралығыңыздың белгісі ретінде қабылдаңыз.

Сіз түрлі көзді танымал адамдардан кімді білесіз?

🔥1889 жылдың 31 наурызында Парижде Эйфель мұнарасының салтанатты ашылуы өтті. Гюстав Эйфельдің туындысы алғашында Бүкіләлемдік көрменің қақпасы ретінде салынған еді және оны 20 жылдан кейін бұзу жоспарланған болатын. Алайда Францияның жазушылары мен суретшілері бұл құрылысқа қарсы шықты. Олар мұнараның металл конструкциясы қаланың ерекше сәулеттік стиліне зиян тигізеді деп алаңдады. Бүгінде Эйфель мұнарасы – Париждің символына айналған, әлемдегі ең көп суретке түсірілетін әрі ең танымал көрнекі орындардың бірі.

Сіздің немесе таныстарыңыздың осы әйгілі мұнарамен түскен суреті бар ма?

🚗1901 жылдың 31 наурызында алғашқы Mercedes-Benz автомобилі жарыққа шықты. Инженер Вильгельм Майбах әзірлеген Mercedes-35hp моделі заманауи автокөліктердің бастауы саналады. Алғашында ол жарысқа арналған көлік ретінде жасалғанымен, кейіннен жол қозғалысына бейімделді. Бұл автомобиль 5 913 текше сантиметрлік төрт цилиндрлі қозғалтқышпен жабдықталған және сол заман үшін таңғаларлық 75 км/сағ жылдамдыққа жете алатын.

Сізге қай автокөлік бренді көбірек ұнайды: Mercedes пе, әлде BMW ме?