«Үйде жатпа» күнтізбесі. 31 тамыз: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 31 августа, 2023


✍️Бүгін Халықаралық блог күні аталып өтеді. Мереке күні LiveJournal пайдаланушылары blog сөзіндегі 3108 сандарына байланысты таңдады. Яғни, 31 тамыз болып белгіленді. Бүгінгі таңда блогосфера Қазақстан мен жаһандық деңгейде бір жыл ішінде үш есе өскен — интернеттің ең жылдам дамып келе жатқан бөлігі. Әлем бойынша интернетте 600 миллионнан астам блог бар. Яғни, шамамен әрбір 13 адамға бір блогтан келеді. Ай сайын 850 миллионнан астам жаңа жазбалар жарияланып тұрады. Бұл жылына 10 миллиард жазбаны құрайды.

Сіз өз блогыңызды қандай тақырыпта жүргізесіз?

💪31 тамыз – көршілес мемлекетте атаулы мереке. Нақтырақ айтсақ, бүгін Қырғыз Республикасы Тәуелсіздік күнін атап өтеді. 1991 жылы 31 тамыз Қырғызстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс сессиясы «Қырғыз Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” декларация қабылдады. Осы тарихи акт бойынша Қырғызстан Республикасы КСРО құрамынан шығып, тәуелсіз, демократиялық мемлекет болып жарияланды.

Егер таныстарыңыздың арасында қырғыздар болса, оларды мерекесімен құттықтап қойыңыз!

🧠31 тамыз Дүниежүзілік ми аурулары қауымдастығының бастамасымен есте сақтау қабілетінің төмендеуімен күресу күні аталып өтеді. Есте сақтау қабілетінің жағдайы адамның жасына және оның жаттыққанына байланысты орын алады. Дәрігерлер ми жұмысын жақсарту үшін әдеби кітаптарды үнемі оқып отыруға, тесттер мен кроссворд тапсырмаларын орындауға, шет тілдерін үйренуге, сондай-ақ өзіңізді жақсы күйде ұстауға кеңес береді.

👥31 тамыз — танымал екі актердің туған күні. 92 жыл бұрын Қазақстанның Халық әртісі, театр және кино актрисасы Замзагүл Шарипова (1931-2018) дүниеге келді. Қазақ радиосында тұрақты әрі ұзақ жұмыс істеуінің арқасында оның дауысы елімізге кеңінен белгілі болды. Театр сахнасында ол 100-ден астам рөлді сомдап шықты. Мұқағали Мақатаев оған өлеңдер арнаса, Мұхтар Әуезов өзінің пьесасындағы Қаракөз рөлін үздік орындаушы деп атады. Сондай-ақ бүгін американдық актер, «Алтын глобус» сыйлығының иегері Ричард Гир 74 жасқа толды. Өзінің мансап жолында ол 50-ден астам фильмде ойнады.

Сізге Ричард Гирдің қай фильмі ұнайды?