«Үйде жатпа» күнтізбесі. 31 тамыз: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 31 августа, 2024


🗣Бүгін Халықаралық блог күні аталып өтеді. Мереке күнін LiveJournal пайдаланушылары блог сөзіндегі 3108 сандарына байланысты таңдады. Соған орай 31 тамыз болып белгіленді. Бүгінгі таңда блогосфера Қазақстан мен әлемдік деңгейде бір жыл ішінде үш есе өскен интернеттің ең жылдам дамып келе жатқан бөлігі. Әлем бойынша интернетте 600 миллионнан астам блог бар. Яғни, шамамен әрбір 13 адамға бір блогтан келеді. Ай сайын 850 миллионнан астам жаңа жазбалар жарияланып тұрады. Бұл жылына 10 миллиард жазбаны құрайды. 

 

Сіз өз блогыңызды қандай тақырыпта жүргізесіз?

🗣31 тамыз – көршілес мемлекетте атаулы мереке. Нақтырақ айтсақ, бүгін Қырғыз Республикасы Тәуелсіздік күнін атап өтеді. 1991 жылы 31 тамызда Қырғызстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс сессиясы «Қырғыз Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” декларация қабылдады. Осы тарихи акт бойынша Қырғызстан Республикасы КСРО құрамынан шығып, тәуелсіз, демократиялық мемлекет болып жарияланды.

 

Егер таныстарыңыздың арасында қырғыздар болса, оларды мерекесімен құттықтап қойыңыз!

 

🧠31 тамызда Дүниежүзілік ми аурулары қауымдастығының бастамасымен есте сақтау қабілетінің төмендеуімен күрес күні аталып өтеді. Есте сақтау қабілетінің жағдайы адамның жасы мен оның жаттығуына байланысты жұмыс істейді. Дәрігерлер ми жұмысын жақсарту үшін әдеби кітаптарды үнемі оқуға, тесттер мен сөзжұмбақтарды шешуге, шет тілдерін үйренуге, сондай-ақ өзіңізді жақсы күйде ұстауға кеңес береді. 

👥31 тамыз — танымал екі актердің туған күні. 93 жыл бұрын Қазақстанның Халық әртісі, театр және кино актрисасы Зәмзәгүл Шәріпова (1931-2018) дүниеге келді. Қазақ радиосында тұрақты әрі ұзақ жұмыс істеуінің арқасында оның дауысы елімізге кеңінен танылды. Театр сахнасында ол 100-ден астам рөлді сомдап шықты. Мұқағали Мақатаев оған өлеңдер арнаса, Мұхтар Әуезов өзінің “Қаракөз” пьесасындағы басты  рөлді үздік орындаушы деп атады. Сондай-ақ бүгін америкалық актер, «Алтын глобус» сыйлығының иегері Ричард Гир 75 жас мерейтойын атап өтеді. Өзінің мансап жолында ол 50-ден астам фильмде ойнады.

 

Сізге Ричард Гирдің қай фильмі ұнайды?