«Үйде жатпа» күнтізбесі. 31 желтоқсан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 31 декабря, 2023


⌛️Бүгін әлемде бейбітшілік сағат күні аталып өтеді. Мерекенің мақсаты — жылдың соңғы күні 1 сағат болса да жанжал мен кикілжіңдерді тоқтатып, жағдайды бейбіт жолмен шешуге шақыру. Бұл — символдық күн. Сондықтан әлемде орын алып жатқан түрлі жағдайларды ескере отырып, соғыстар мен қақтығыстарға ықпал еткен қиындықтарды ескі жылда қалдырған жөн. Қоян жылы біреумен ренжісіп, жанжалдасып қалған болсаңыз, дәл бүгін татуласуға керемет мүмкіндік туып отыр. 

 

Ұлу жылы әлемде соғыс болмасын!

🫣2013 жылы 31 желтоқсанда әлемнің 54 елінен келген ғалымдардың элитасын білдіретін Еуропалық бизнес-Ассамблея мен Еуропа ректорларының клубы техника ғылымдарының докторы Марат Нұрғожинді «ғылымдағы есім» құрметті атағын бере отырып, «әлемдік ғылымға қосқан үлесі үшін «Даңқ” орденімен марапаттады. Профессор екі жүз елу ғылыми мақаланың, жеті патенттің, төрт монографияның, тоғыз оқулық пен оқу құралдарының авторы, бес кандидат пен бір ғылым докторы, қырықтан астам магистрант дайындады.

🤝31 желтоқсан – Шешім қабылдау күні. Көп жағдайда адамдар маңызды шешім шығаруды кейінге қалдырып жатады. Дегенмен жаңа жыл әрбір адамның үлкен әрі сенімді қадам жасауы үшін жаңа мүмкіндік береді. Бірі бұл күні тұрғылықты жерін өзгертіп жатса, енді бірі жұмыс орынын ауыстырады. Тіпті мерекелік үстелде үйленуге ұсыныс та жасайтындар табылады. Сондықтан жылдың соңғы күні ерік-жігеріңізді іске қосып, ойлап жүрген ісіңізді дөңгелетіп әкетуіңіз үшін таптырмас мүмкіндік. 

Жаңа жылда жаңа бастамаларыңызға сәттілік тілейміз!

👥31 желтоқсан өмірге келген танымал тұлғалар. 110 жыл бұрын қазақ кітаптану ғылымының негізін қалаушы Әбусағит Жиренчин (1913-1975) дүниеге келді. Абай шығармашылығының алғашқы зерттеушілерінің бірі баспа және мұражай ісінің дамуына айтарлықтай үлес қосты. Қазақ халқының этнографиясы бойынша материалдар жинап, республикада кітапхана ісінің өркендеуіне ықпал етті. Қала берді алғашқы Қазақстан энциклопедиясын құруға белсене қатысты. Сондай – ақ бүгін актер, режиссер әрі продюсер сэр Энтони Хопкинс 86 жасын атап өтеді. «Оскар» сыйлығының екі дүркін иегері көпшілікке «Молчание ягнят”, “Ганнибал” және “Красный дракон” фильмдерінде сериялық адам өлтіруші-каннибал доктор Ганнибал Лектера бейнесімен танымал. 1987 жылы Хопкинс Елизавета II патшайымның қолынан Британ империясы орденінің командор атағын алды. Ал 1993 жылы рыцарь атағына ие болды. Бұл өз есімінің алдында «сэр» сөзін қолдануға мүмкіндік берді.