«Үйде жатпа» күнтізбесі.4 ақпан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 04 февраля, 2024


🧠 4 ақпан — Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні. Соңғы уақытта әлеуметтік желіде қазақстандықтардың шетелде ем қабылдауына байланысты, соның ішінде онкологиялық ауруларды емдеуге қаражат жинау туралы хабарландырулар жиілеп кетті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын 35 мыңнан астам қатерлі ісік ауруы анықталады. Сонымен қатар жыл сайын науқастар саны 4-9 пайызға артып келеді. Әр жылы шамамен 14 000 адам қатерлі ісіктен қайтыс болады. Сарапшылар нақты себептерін атай алмайды. Бірақ олар қоршаған ортаның нашар болуы, жаман әдеттер, отырықшы өмір салты, табиғи емес өнімдер, күйзеліс, сонымен қатар коронавирус осы аураға себепші болады деп санайды.

 

Барлық оқырманға зор денсаулық және ұзақ өмір тілейміз! 

🙏 Бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен Халықаралық адамзат бауырластығы күні аталып өтеді. 2019 жылдың 4 ақпанында Әл-Азһардың жоғарғы имамы шейх Ахмад ат-Тайиб пен Рим Папасы Франциск Әбу-Дабиде “Әлемдік бейбітшілік пен адамзаттың бауырластығы” атты құжатқа қол қойды. Бұл декларацияда әртүрлі дін өкілі арасындағы диалог пен өзара ынтымақтастық мәдениетін дамытудың маңыздылығы көрсетіліп, лаңкестердің өз әрекеттерін ақтау үшін дінді пайдалануы айыпталған.

 

Сіз осындай бастамаларды қолдайсыз ба?   

👀 Бүгін  – жақсы көңіл күй күні аталып өтеді. Қыстың соңына қарай адамда құлдырау әрі негативті ойдың жетегіне еру жиілей түседі. Ал бұл мереке жағымсыз ойларды өзіңізден алыстатып, жақын адамдарыңызбен уақыт өткізуге жақсы себеп. Бүгін өмірге жақсы жағынан көз жүгіртіп, болашаққа зор сеніммен қарауға тырысыңыз. Жақсы көңіл күй үлкен мүмкіндіктер сыйлайтынын естен шығармаңыз!

Жазылушыларды осы күнмен шын жүректен құттықтаймыз! Көңіл күйлеріңіз құлазымасын!

👥 4 ақпан әлемде Неандерталь күні аталып өтеді. Олар 40 000 жыл бұрын қазіргі Еуропа мен Азия территориясын мекендеген. Адамның тарихи даму кезеңінде Неандерталь адамы ежелгі адамдар мен қазіргі адамдардың (неоантроптар) арғы тегін жалғастырушылар деп есептеледі. Неандерталь адамының ең алғашқы қаңқасы 1856 жылы Батыс Германиядағы Дюссель өзенінің Неандерталь аңғарынан табылды. Сондықтан да оны ағылшын геологі Вильям Кинг 1863 жылы “Неандерталь адамы” деп атауды ұсынды. Ұзақ уақыт бойы неандертальдықтар «маймылдардың адамға айналуындағы аралық буын» болып саналды. Ғалымдар бұл қаңқа қалдықтарын зерттеудің нәтижесінде Неандерталь адамының екі бағытта дамығанын анықтады. Олардың бір тобының дене тұрқы ірі, бұлшық еттері өте жақсы дамыған, маңдайы тайқы, шүйдесі қысқа, қабағы шығыңқы, иегі айқын білінбейді және тістері ірі, әрі жалпақ болған. Миының салмағы орташа 1400 – 1500 грамм.