«Үйде жатпа» күнтізбесі. 4 қазан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 04 октября, 2024


👀1920 жылы 4 қазанда қазақтың ұлттық мемлекеттігі қалпына келтірілді. Орынборда өткен Қазақ АКСР Кеңестерінің Құрылтай съезінде РСФСР құрамында Қазақ Автономиялық Республикасы жарияланды. Айта кетейік, қазақтың кеңестік ұлттық мемлекеттігін жариялаудың тарихи маңызы зор болды. Қазақ халқы бұл әрекетті отаршыл жүйеге қарсы күрестің нәтижесі әрі ұлттық жаңғыру жолындағы алғашқы қадам ретінде қабылдады. 

 

🐵4 қазан — Дүниежүзілік жануарларды қорғау күні. Бұл күннің мақсаты адамдарды ғаламшардағы басқа да тіршілік иелерінің мәселесіне назар аударуға шақырады. Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының мәліметі бойынша, Жер бетінде әр сағат сайын жануарлардың үш түрі, ал күн сайын флора мен фаунаның 70 түрі жойылып жатыр. Сонымен қатар жақын болашақта флора мен фаунаның төрттен бірі жойылады деген болжам бар. 1970 жылдан 2016 жылға дейін сүтқоректілер, құстар, қосмекенділер, бауырымен жорғалаушылар және балықтар популяциясы орта есеппен 68%-ға азайды.

 

Келешек ұрпаққа жануарларға толы ғаламшарды табыстайық! 

🤗Қазан айының бірінші жұмасында Дүниежүзілік күлімсіреу күні аталып өтеді. Мереке америкалық суретші Харви Беллдің есімімен байланысты. Ол 1963 жылы бір сақтандыру компаниясы үшін визиттік карточка ретінде смайлик ойлап тапқан. Күлімсіреу — адам жүзіндегі ең керемет көрініс. Достық дәл осы күлкіден басталып, терең сезімдермен жалғасын тауып жатады. Ғалымдар 5 минут күлкі өмірді шамамен бір жылға ұзартады деген тұжырымға келген. Мәселен, көңілі құлазып жүретін жандар риясыз күлетін адамдарға қарағанда тез қартаяды.

Жиі күлімсіреп жүріңіз! Сонда әлем де құшағын айқара ашады!

 

👥4 қазан — танымал екі ер адамның туған күні. 81 жыл бұрын қазақ дирижері, композитор, музыкатанушы Тимур Мыңбаев (1943-2011) дүниеге келді. Оның шығармашылығы Қазақ ұлттық фольклорынан бастау алды. Талантты тұлға — опера, балет, симфониялық күй, және басқа да музыкалық стильдегі шығармалардың авторы. Сонымен қатар ол ресейлік оркестрлерді басқарып, бүкіл әлемге гастрольдік сапар ұйымдастырды. Оның шығармашылығында жиырмадан астам альбом мен ең беделді музыкалық фестивальдерде өнер көрсетуі бар. Сондай-ақ бүгін австриялық актер әрі режиссер Кристоф Вальц 68 жасқа толды. Өнер иесі Квентин Тарантиноның «Даңқсыз бейбақтар» және «Азат етілген Джанго» фильмдеріндегі рөлімен танылып, «Оскар», «Алтын глобус», BAFTA және Канн кинофестиваліндерінің марапатына ие болды.