«Үйде жатпа» күнтізбесі. 4 наурыз: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 04 марта, 2024


📖2015 жылдың 4 наурызында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да “Алматы – Ислам мәдениетінің астанасы-2015” бағдарламасы аясында “ТҮРКСОЙ” кафедрасы ашылды. Шараға Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан және Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы (“ТҮРКСОЙ”) туысқан түркі халықтарын жақындастыру, мәдени-гуманитарлық, ғылыми-техникалық интеграцияны тереңдету, ғылыми-білім беру байланыстарын дамыту мақсатында 1993 жылы Алматы қаласында түркітілдес елдердің бастамасымен құрылды.

Сіз осындай бастамаларды қолдайсыз ба?

👨‍💻Бүгін – Дүниежүзілік инженерлер күні. Олар жер бетіндегі техникалық өркениеттің дамуына үлес қосып жүрген маман иелері. Адамзат жиған білімді жинақтап, солардың негізінде жаңа технологияларды, құрылымдар мен машиналарды жасап шығаруға мүмкіндік алды. Инженерлік қызметтің мақсаты — жабдықтар мен материалдарды, процестерді ойлап тауып, оны ары қарай жетілдіру болды.

Егер таныстарыңыздың арасында инженерлер болса, мерекесімен құттықтап қойыңыз!

🦭4 наурыз — Дүниежүзілік семіздікке қарсы күрес күні. Бұл — ХХІ ғасырда ересектер мен балалар арасында жиі кездесетін жаһандық проблемаға айналды. Әлемде жасөспірімдердің 25% -ы артық салмақтан зардап шегеді. Ал олардың 15% -ына семіздік диагнозы қойылған. Аталмыш күннің басты мақсаты – адамдарды семіздіктің себептері мен оның денсаулыққа қауіпті зардаптары туралы хабар ету. Сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстануға шақыру.

🎤Бүгін ән сүйер қауым микрофон күнін атап өтеді. Алғашқы микрофонның патентіне 1877 жылы 4 наурызда америкалық өнертапқыш Эмиль Берлинер ие болды. Ал оны Александр Белл 50 мың долларға сатып алды. Бүгінгі таңда микрофон көп жылдық тарихына қарамастан, сұранысқа ие техникалық өнертабыс қатарында көш бастап тұр. Микрофонсыз өркениет жетістіктерін елестету қиын-ақ. Бұл күні музыканттар жанды музыкада ойнап, әншілер фонограммасыз ән айтады. Ал кейбір өнер адамдары бұл күнді өздерінің кәсіби мерекесі деп санайды.

Сіз караокеде ән айтқанды ұнатасыз ба?