«Үйде жатпа» күнтізбесі. 4 наурыз: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 04 марта, 2025


👨‍🏫2015 жылдың 4 наурызында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да “Алматы – Ислам мәдениетінің астанасы-2015” бағдарламасы аясында “ТҮРКСОЙ” кафедрасы ашылды. Шараға Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан және Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы – “ТҮРКСОЙ” 1993 жылы Алматыда түркітілдес елдердің бастамасымен құрылды. Ұйымның негізгі мақсаты – туыстас түркі халықтарының мәдени-гуманитарлық байланысын нығайту, ғылыми-техникалық және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты дамыту.

 

Сіз осындай бастамаларды қолдайсыз ба?

👍Бүгін – Дүниежүзілік инженерлер күні. Олар жер бетіндегі техникалық өркениеттің дамуына үлес қосып жүрген маман иелері. Олар ғасырлар бойы адамзат жинаған білімді жүйелеп, соның негізінде жаңа технологияларды, ғимараттарды және техникалық құрылғыларды жасап шығарды.

Инженерлік қызметтің басты мақсаты – жаңалықтар ашу, жобалау, құрастыру, ендіру және технологиялық үдерістерді жетілдіру.

Егер таныстарыңыздың арасында инженерлер болса, мерекесімен құттықтап қойыңыз!

👏4 наурыз — Дүниежүзілік семіздікке қарсы күрес күні. Бұл — ХХІ ғасырда ересектер мен балалар арасында жиі кездесетін жаһандық проблемаға айналды. Әлемде жасөспірімдердің 25% -ы артық салмақтан зардап шегеді. Ал олардың 15% -ына семіздік диагнозы қойылған. Аталған күннің басты мақсаты – семіздіктің себептері мен оның денсаулыққа тигізер ауыр зардаптары туралы ақпараттандыру, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын еске салу.

🎙Бүгін ән сүйер қауым микрофон  күнін атап өтеді. 1877 жылы 4 наурызда америкалық өнертапқыш Эмиль Берлинер алғашқы микрофонға патент алып, кейін оны Александр Белл 50 мың долларға сатып алған. Бүгінгі таңда микрофон көп жылдық тарихына қарамастан, сұранысқа ие техникалық өнертабыс қатарында көш бастап тұр. Микрофонсыз өркениет жетістіктерін елестету қиын-ақ. Бұл күні музыканттар жанды музыкада ойнап, әншілер фонограммасыз ән айтады. Ал кейбір өнер адамдары бұл күнді өздерінің кәсіби мерекесі деп санайды.

 

Сіз караокеде ән айтқанды ұнатасыз ба?