«Үйде жатпа» күнтізбесі. 4 шілде: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 04 Шілде, 2023


🤧1932 жылы 4 шілдеде қазақ қайраткерлерінің бір тобы – Ғабит Мүсірепов, Мансұр Ғатаулин, Мұташ Дәулетқалиев, Емберген Алтынбеков және Қадыр Қуанышев Филипп Голощекинге ашаршылыққа байланысты апаттың ауқымы туралы хат жазды. «Бесеудің хатында» қазақ ауылындағы социологиялық қайта құрулар бүкіл халықтық қасіретке айналып, барлық әлеуметтік топтарды — байларды, орташаларды, кедейлерді қамтығаны, күштеп ұжымдастыру мен отырықшыландыру, алым-салық жинаудағы қиянаттар жұрттың жаппай аштық пен індетке әкеп соққаны баяндалды. Олар “Голощекин партияның ұжымдастыруды жүзеге асыру жөніндегі жалпы бағытын бұрмалады әрі халықтың мал шаруашылығын дамытуға деген ынтасын жойды, бұл мал шаруашылығына деген жеккөрініш туғызды” деп айыптады. 

👻4 шілде – Көрінбейтін адам күні. Кейбір фантастика жанкүйерлерінің арманы – Герберт Уэллстің инкогнито (көрінбейтін, құпия) күйге енген әйгілі кейіпкеріне айналу. Бір қызығы, атақты жазушының көркем шығармаларындағы болжамдардың 80%-ы орындалған. Ол сонысымен танымал. 19 ғасырда ол смартфонды, ыдыс жуғышты, орталық жылытуды, кондиционерді, автомобиль өнеркәсібінің дамуын және адамзаттың атомды ыдыратып, бомба жасау қабілетін сипаттады. Осы сәйкестіктерге қарай отырып, болашақта адамды көзге көрінбейтіндей ететін өнертабыс болуы әбден мүмкін. 

📚1865 жылы 4 шілдеде «Macmillan and Co» баспасында Льюис Кэрролдың «Алиса ғажайыптар елінде» кітабының бірінші басылымы жарық көрді. Бұл ертегі әлі күнге дейін балалар мен ересектер арасында танымалдыққа ие. Кітап абсурд жанрындағы әдебиеттің үздік үлгісінің біріне айналды. Себебі мұнда көптеген математикалық, лингвистикалық және философиялық әзілдер мен тұспалдар пайдаланылған. Оқиға барысы мен құрылымы өнерге, әсіресе фантастикалық жанрға қатты әсер етті. Кітаптың арқасында Алиса есімі танымал болып, оның мотивтері бойынша көптеген фильм түсірілді.

 

Сіз бұл кітапты неше жасыңызда оқыдыңыз?

🥳97 жыл бұрын 4 шілде күні қазақтың көрнекті камералық және опера әншісі, актер, ұстаз Ермек Серкебаев (1926-2013) дүниеге келді. Өнер иесі Қазақстанның халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері және көптеген марапаттың иегері. Ол қазақтың атақты «Біздің аяулы дәрігер», «Тақиялы періште», «Ән шақырады» фильмдерінде ойнаған. Бірде біреу: «Ермек Серкебаев қазақ әніне фрак кигізді» деді. Ал әнші: «Мен оған лайықты алтын жалатылған жақтау кигіздім» деп жауап берді. Ермек Серкебаев қазақ әуендері мен тақырыптары әсемдігі жағынан итальяндық музыкалық тақырыптарынан кем түспейтінін үнемі айтып жүретін. Ол A-Studio тобының негізін қалаушы Байғали Серкебаевтың әкесі және белгілі скрипкашы Жәмила Серкебаеваның ағасы.