«Үйде жатпа» күнтізбесі. 4 тамыз: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 04 августа, 2023


📚1974 жылы 4 тамызда қазақ жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» тарихи трилогиясы КСРО-ның мемлекеттік сыйлығына ие болды.  Психологиялық талдаудың нәзіктігі мен ерекше ұлттық кейіпкерлердің жарқындығы Арал балықшылары туралы кітапты әлем әдебиетіндегі ерекше құбылысқа айналдырды. Туынды 30 шет тіліне аударылды. Сол жылы театр сахнасында Әуезов Еламан мен Ақбала рөлдерін Асанәлі Әшімов пен Фарида Шәріпова сомдады. Ал 1978 жылы режиссер Михалков-Кончаловский түсірген «Қан мен тер» фильмі шықты.

 

«Қан мен тер» трилогиясын оқыдыңыз ба? 

🗂4 тамыз – жалғызбасты жұмыс істейтін әйелдер күні. Әлемде көптеген әйел өзінің және қоғамдағы құндылығын дәлелдеу үшін тұрмысқа шығудың қажет емес екенін көрсетіп жүр. Сонымен қатар олардың қамқор жар және аяулы ана ретінде де қоғамға тигізіп жатқан пайдасы зор. Сол себепті әрқашан үлкен құрметке ие. Ерлерден қалыс қалмай әйелдер қауымы да жұмыс істеп, жетістікке жетуде. 

 

Осындай қыз-келіншектерді білсеңіз, оларды мерекесімен құттықтап қойыңыз! 

🥂Бүгін шампан шарабының пайда болған күні. 1668 жылы 4 тамызда монах Пьер Периньон жарқыраған шараптың алғашқы дәмін татты. Франция тұрғындары бұл сусынды жоғары бағалады. Осылайша 1729 жылы оны өндіру үшін «Рюинар» компаниясы құрылды. Шараптарды дайындау технологиясы жарияланғаннан кейін көптеген ел оны өздерінде шығара бастады. 

Есіңізде болсын, алкогольді сусындарды шамадан тыс пайдалану денсаулыққа қауіпті. Сондықтан оны мүлдем тұтынбасаңыз да болады.

👥4 тамыз — атақты екі тұлғаның туған күні. 105 жыл бұрын қазақ тілін 5 мың жаңа сөзге көбейткен жазушы Ислам Жарылғапов (1918-1993) дүниеге келді. 1930-40 жылдары аялдама, көрермен, балмұздақ, оқырман, теледидар деген сөздерді ойлап тапқан — осы кісі. Ғалым әлем әдебиетінің көптеген классиктерінің шығармасын қазақ тіліне аударған. Сондай-ақ бүгін Америка Құрама Штаттарының президенті болған алғашқы афроамерикалық Барак Обама 62 жасқа толды. Ол алғаш рет президент болып 2008 жылы қарашада сайланды. 2012 жылы екінші мерзімге президенттікке қайта сайланды. Ал 2009 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығының иегері атанды. Обама — мулат. Бірақ қара нәсілді американдықтардың көпшілігінен айырмашылығы — ол құлдардың ұрпағы емес. Нақтырақ айтсақ, Кениядан келген студент пен ақ нәсілді американдық әйелдің ұлы.