«Үйде жатпа» күнтізбесі. 4 қыркүйек: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 04 сентября, 2024


👍4 қыркүйекте Дүниежүзілік жыныстық саулық күні аталып өтеді. Күннің мақсаты — жыныстық және бала туу функцияларына кедергі келтіретін аурулардан алдын алып, оның маңыздылығын түсіну. Бүгінде Қазақстанда 19% отбасы бала көтере алмайды. Сарапшылар мұның себебін зиянды өмір салтымен, жыныстық қатынастың бұзылуымен және нашар экологиямен байланыстырады.

Өзіңізге қамқор болыңыз және деніңіз сау болсын!

✔️Бүгін — Халықаралық таэквондо күні. 1994 жылы 4 қыркүйекте Халықаралық Олимпиада комитеті дәстүрлі ойын бағдарламасына жекпе-жектің осы түрін де енгізді. Ал Қазақстан федерациясын 1991 жылы алты дүркін әлем чемпионы, түрік және қазақ таэквондо мектептерінің негізін қалаушы Мұстафа Өзтүрік құрды.

Егер таныс таэквондистер болса, оларды мерекесімен құттықтап қойыңыз!


👍Бүгін әлемдегі ең танымал әрі қымбат компаниялардың бірі GOOGLE 26 жылдығын атап өтеді. 1998 жылы 4 қыркүйекте Ларри Пейдж және Сергей Брин есімді студенттер жобаны дамыту үшін алғашқы 100 мың долларды иеленгеннен кейін өздерінің стартапын тіркеді. Бүгінде Google компаниясында 140 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді. Ал компанияның өзі 1,885 триллион доллар тұрады. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, Қазақстанның ЖІӨ биыл шамамен 250 миллиард долларды құрайды.

👥4 қыркүйек — әйгілі екі әйелдің туған күні. Бүгін атақты қазақ ақыны Дәрібаева Жадыра 76 жасқа толды. Ол “Гүлжайна”, “Мейір”, “Біздің жақтың аспаны” шығармаларының авторы. Өнер иесі поэзиямен қатар көркем аудармамен де айналысады. Ол 1992 жылғы жарық көрген Қазақстанның тұңғыш Әнұраны мәтінінің авторларының бірі. Сондай – ақ бүгін америкалық әнші, актриса, биші әрі продюсер Бейонсе 43 жасқа толды. Ол 20 мәрте Грэмми сыйлығының иегері атанып, одан бөлек 52 номинацияға ие болды. Алғашқы сыйлығын 19 жасында алды. Бейонсе — әлем бойынша жоғары сұранысқа ие әртістердің бірі. Қала берді алғашқы алты студиялық альбомы Billboard-да бірінші орынға шыққан тұңғыш жеке орындаушы. Оның байлығы шамамен 800 миллион долларға бағаланады.

Сізге Бейонсенің қай әні ұнайды?