«Үйде жатпа» күнтізбесі. 4 желтоқсан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 04 декабря, 2023


💪4 желтоқсан БҰҰ бастамасымен халықаралық банк күні аталып өтеді. Бұл күн банктердің халықтың өмір сүру деңгейі мен жағдайын жақсартуға қосқан үлесін, қала берді жаһандық ауқымдағы ең маңызды міндеттерді шешудің орасан зор әлеуетін көрсетеді. Бүгінде Қазақстанда екінші деңгейлі 21 банк бар. Олардың қызметін Ұлттық банк реттейді. 

 

Ал сіз қай банктің қызметіне жүгінесіз?

✍️4 желтоқсан Қырғызстанда «Манас» эпосы күні аталып өтеді. «Манас» — қырғыз халқының тілі мен руханиятының ескерткіші. Дастан UNESCO-ның адамзат мәдениетінің материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне әрі әлемдегі ең көлемді эпос ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген. 1856 жылы Шоқан Уәлиханов Ыстықкөл сапарынан кейін эпосты ғалымдар әлемі мен көпшілікке алғаш болып таныстырды. Сондай-ақ «Манасты» зерттеуге қазақ ғалымдары Әлкей Марғұлан мен Мұхтар Әуезов үлкен үлес қосты.

🫂4 желтоқсан — Халықаралық құшақтасу күні. Құшақтасу адам денсаулығына пайдалы деген пайымның жаны бар. Сондықтан бұл күні адамдар құшақтасудың маңыздылығына ерекше назар аударады. Нақтырақ айтсақ, аталмыш процесс психологиялық жайлылық қалыптастыруға, стресстен арылуға, гормоналды тепе-теңдікті жақсартуға көмектеседі. Психологтардың пікірінше, жақын жандарды жиі құшақтау ұйқысыздықтан арылтып, депрессияны азайтады. Сонымен қатар өзін-өзі жоғары бағалауға әрі оптимистік көзқарас қалыптастыруға да әсері зор.

 

Ендеше құшағымыз әрдайым ашық болсын! 

Сіз жақындарыңызды жиі құшақтайсыз ба?

🎤4 желтоқсан өмірге келген танымал тұлғалар. Бүгін әлемге танымал ұлы рэп орындаушысы Jay-Z 54 жасқа толды. Ол “Грэмми” сыйлығын 22 мәрте жеңіп, американдық хит-парадта альбомдар саны бойынша рекорд орнатты. Jay-Z дүниежүзіндегі ең бай хип-хоп әртісі. Биыл оның байлығы 2,5 миллиард долларға бағаланды. Поп-әнші Бейонсенің күйеуі. Сондай — ақ бүгін Оңтүстік Кореялық әнші әрі ән авторы Ким Сокчин 31 жасын атап өтеді. Өнер иесі BTS бойбендінің аға буыны әрі вокалисі. Чин K-POP тобының дискографиясындағы жеті композицияның авторы.

 

Сізге қай рэпер ұнайды: Jay-Z немесе 50 Cent?