👄5 ақпан — Эрудиттер күні. Эрудит — көптеген білім саласынан хабардар әрі интеллектуал ой өрісі кең адам. Олардың оқуға деген құштарлығы жоғары. Қала берді өзін-өзі үнемі дамытып отырады. Мұндай жандар бір ғана білім ордасынан алған біліммен шектелмейді. Нақтырақ айтсақ, олар жеке күш-жігері мен табандылығының арқасында бір саланы бірнеше бағытта зерттеуге бейім келеді. Сондықтан оқыңыз, ойланыңыз, дамыңыз!
Сіз эрудиттермен сөйлескенді ұнатасыз ба?
🗣Ақпан айының бірінші сәрсенбісінде Дүниежүзілік дауыстап оқу күні аталып өтеді. Ғалымдардың пікірінше, дауыстап оқу интеллектуалды ләззат сыйлап қана қоймай, сауатты арттырып, дикцияны жақсартады. Сонымен қатар ақпаратты тез қабылдауға әрі есте сақтауға көмектесіп, адамның жанашырлық сезімін де арттырады. Бұрынғы кезде адамдар кештерде жиі бас қосып, дауыстап өлеңдер мен прозалық шығармаларды оқуды әдетке айналдырған. Бүгінде бұл дәстүр көбіне ата-аналар арасында ғана сақталып отыр. Олар балаларына ұйықтар алдында дауыстап ертегі оқып береді. Ендеше, дауыстап оқуды еске түсіріп, өткен дәстүрлерді қайта жаңғыртайық.
Ал сіз дауыстап оқығанды ұнатасыз ба?
🍫Бүгін тәтті әуесқойлары дүниежүзілік Нутелла күнін атап өтеді. Әлемге әйгілі шоколадты пастаның пайда болуы қызық оқиғамен байланысты. Кондитер Пьетро Ферреро қалалық кештердің біріне шоколад батондарына үлкен тапсырыс алады. Алайда таңертең кондитерлік цехқа келген уақытта, түнде қалдырған батондарының еріп кеткенін көреді. Келеңсіз жайттан қорыққан Пьетрро тығырықтан шығудың жолын табады. Ол еріген шоколадты жұқа нан тілімдеріне жаға бастайды, ал оның әйелі нанды кесіп үлестіріп тұрады. Мерекеге жиналған жұрт шоколад пен жаңғақ кремі қосылған бутербродтарды сүйсіне жеп, оған жоғары баға береді. Осылайша, аталған өнім кең танымалдыққа ие болып, Пьетро әлемге әйгілі Ferrero компаниясының негізін қалайды. Ал Nutella бүгінде ең қарапайым әрі табысты 10 өнертабыстың қатарына кіреді.
Сізге шоколад пастасы ұнай ма?
👥5 ақпан — екі атақты футболшының туған күні. Бүгін Португалия құрамасының капитаны, Сауд Арабиясының “Ан-Наср” клубының шабуылшысы Криштиану Роналду 40 жас мерейтойын атап өтеді. Ол футбол тарихында ең көп гол соққан үздік футболшылардың бірі. Криштиану — бес дүркін “Алтын доп” және төрт дүркін “Алтын бутсы” иегері. Футболшы бес мәрте Чемпиондар лигасын жеңіп алды. Сонымен қатар Еуропа чемпионатының жеңімпазы атанды. Ол әлемде ең жоғары жалақы алатын спортшы. Жылдық жалақысы 200 миллион долларды құрайды. Сондай-ақ бүгін Бразилия құрамасының шабуылшысы, “Аль- Хиляль” клубының ойыншысы Неймар 33 жасқа толды. Әлемдегі ең танымал футболшылардың бірі — 2017 жылы Time журналының нұсқасы бойынша “әлемнің ең ықпалды 100 адамы” тізіміне енді. 2019 жылы Forbes журналы оны әлемдегі ең көп табыс табатын спортшылардың үштігіне қосты. Сонымен қатар Неймар Бразилия құрамасының тарихындағы ең үздік сұрмерген атанып, әйгілі Пеленің рекордын жаңартты.
Сізге қай футболшы ұнайды: Роналду әлде Неймар?