«Үйде жатпа» күнтізбесі. 5 мамыр: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 05 Мамыр, 2023


🎗1918 жылы 5 мамыр – Омбы қаласында қазақ жастарының жалпы құрылтайы өз жұмысын бастады. Съезд делегаттарының қатарында М.Әуезов, М.Жұмабаев, С.Сәдуақасов, С.Сейфуллин, М.Сейітов, А.Байгелдин, Ғ.Досумбекова және тағы басқа қазақ халқының белгілі қайраткерлері болды. Съезд нәтижесінде «Жас азамат» ұйымы құрылды. Оның мақсаты – Алаш республикасының мүддесін қорғау және ұлттық сананы көтеру үшін барлық өңірден жастарды біріктіру болды. 1920 жылы «Алаш Орда» партиясы таратылғаннан кейін Кеңес өкіметі тарапынан «Жас азамат» ұйымы да жұмысын тоқтатты.

📨 5 мамыр – Халықаралық мүгедектер құқығын қорғау күні. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жер шарында мүгедектікке шалдыққае 1 миллиардтан астам адам бар. Бұл жалпы халықтың шамамен 15%-ын құрайды. Ал олардың 100 миллионға жуығы балалар. Халықтың қартаюына мен созылмалы аурулардың көп таралуына байланысты аталмыш көрсеткіш жыл сайын тұрақты өсуде. Қазақстанда 700 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан тұрады, оның 100 мыңы 18 жасқа дейінгі балалар.

👶 Бүгін – Халықаралық акушер күні. Баланың дүниеге келуі барлық уақытта маңызды болғандықтан, бұл кәсіптің пайда болу тарихы ерте заманнан басталады. Мамандықтың маңыздылығын асыра бағалау өте қиын. Өйткені ананың және сәбиінің денсаулығы мен өмірін сақтап қалу, акушердің практикалық тәжірибесі және кәсіби дағдыларына байланысты. 

Егер таныс акушерлер болса, кәсіби мерекесімен құттықтап қойыңыз!

👥 5 мамыр өмірге келген қазақтың атақты тұлғалары. Бүгін театр және кино актері, Қазақстанның халық әртісі – Сералы Қожамқұлов (1896-1979) дүниеге келді. Қазақтың тұңғыш кино актері – кәсіби ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі. Мансап жолында 20-дан астам фильмге түсті. Сонымен қатар бүгін қазіргі таңда танымал әндердің авторы, композитор – Еркеш Шәкеев 61 жасқа толды. Ол Британ Композиторлар академиясының арнайы сыйлығының, «Платиновый Тарлан» сыйлығының және басқа да беделді марапаттардың иегері. Оның әндерін A’Studio, Батырхан Шүкенов, Ани Лорак, Анита Цой, Musicola дуэті, Нағима Есқалиева, Толқын Забирова, Бауыржан Исаев, Динара Сұлтани және басқа да жұлдыздар орындады. 

Сізге Еркеш Шакеевтің қай әні ұнайды?