«Үйде жатпа» күнтізбесі. 5 сәуір: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 05 Сәуір, 2024


🗣Бүгін – Қазақстанның көші-қон полициясы күні. 1993 жылы 5 сәуірде Министрлер кабинеті “Қазақстан Республикасындағы төлқұжат жүйесі туралы ережені” қабылдады. Соның нәтижесінде мемлекеттің паспорттық-визалық қызметі қайта құрылды. Бұл жаңалық Республикаға шетел азаматтарының көптеп келуінен, азаматтық алу, уақытша тіркеу, төлқұжат беру, тұрғылықты жерін тіркеу және басқа да маңызды мәселелерді шешу негізінде туындады.

Көші-қон полициясының қызметкерлерін білсеңіз, мерекесімен құттықтап қойыңыз!

💪5 сәуір – Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен Халықаралық адамгершілік күні аталып өтеді. Моральдық қағиданың негізі “Алтын ережеге” сәйкес, өзге жанның саған құрмет көрсеткенін қаласаң, өзің де соған лайық бол. Бұл күннің мақсаты – басқа адамдардың құқықтарын, сезімдерін, нанымдарын құрметтеуге шақырады. Сонымен қатар бейбітшілік пен келісім негізінде адамдар арасындағы қарым-қатынас құруға бағытталады.

Сіз осындай бастамаларды қолдайсыз ба?

🤝1920 жылы 5 сәуірде Қазақстанның түкпір-түкпірінен әрі көршілес елдерден он мыңдаған адам келетін Бурабай курорты ашылды. Аталмыш жер сұлулығына, көлдері мен өсімдіктерінің көп болуына байланысты “Қазақстанның інжу-маржаны” және “Қазақтың Швейцариясы” деген поэтикалық атауларға ие болды. Бурабай ұлттық саябағында Бурабай, Щучье, Қатаркөлді қоса алғанда 14 ірі және шағын көлдер бар. Бурабайдың негізгі әрі ерекше белгісі – Көкшетау тауы. Оның биіктігі – 947 метр.

Сізге қай мекенде демалған ұнайды: Бурабай әлде Алакөл?

🥳5 сәуір – атақты екі тұлғаның туған күні. Бүгін америкалық рэпер, продюсер және сәнгер Фаррелл Уильямс 51 жасқа толды. Ол 4 мәрте Грэмми сыйлығын және басқа да беделді марапаттарды иеленді. Өткен жылы Уильямс Louis Vuitton ерлер киімінің креативті директоры болды. Сонымен қатар бүгін “777” лақап атымен белгілі қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыржан Жүкембаев 33 жасқа толды. Ол кәсіпқой рингте 22 мәрте жеңіске жетті. Оның 16-ысын нокаутқа жіберді. Ал әуесқой ретінде 225 жекпе-жек өткізіп, оның 200-інде есе жібермеді.

Батыржаннан әлем чемпионы атағын күтеміз!