«Үйде жатпа» күнтізбесі. 5 сәуір: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 04 Сәуір, 2023


👮‍♀️ Бүгін – Қазақстанның көші-қон полициясы күні. 1993 жылы 5 сәуірде Министрлер кабинеті «Қазақстан Республикасындағы төлқұжат жүйесі туралы ережені» қабылдады. Соның нәтижесінде мемлекеттің паспорттық-визалық қызметі қайта құрылды. Бұл жаңалықтар Республикаға шетел азаматтарының көптеп келуінен, азаматтық алу, уақытша тіркеу, төлқұжат беру, тұрғылықты жерін тіркеу және басқа да маңызды мәселелерді шешу қажеттілігінен туындады.

 

Көші-қон полициясының қызметкерлерін білсеңіз, мерекесімен құттықтап қойыңыз!

👤 5 сәуір – Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен Халықаралық адамгершілік күні аталып өтеді. Моральдық принциптердің негізі -«Алтын ереже». Яғни, өзге жанның саған құрмет көрсеткенін қаласаң, өзің де соған лайық бол. Бұл күннің мақсаты – басқа адамдардың құқықтарын, сезімдерін, нанымдарын құрметтеуге, бейбітшілік пен келісім негізінде адамдар арасындағы қарым-қатынасты құруға негізделген.

 

Сіз осындай бастамаларды қолдайсыз ба?

🐳 1920 жылы 5 сәуірде Қазақстанның түкпір-түкпірінен әрі көршілес елдерден он мыңға жуық адам келетін Бурабай курорты ашылды. Аталмыш жер сұлулығына, көлдері мен өсімдіктерінің көп болуына байланысты «Қазақстанның інжу-маржаны» және «Қазақтың Швейцариясы» деген поэтикалық атауларға ие болды. Бурабай ұлттық саябағында Бурабай, Щучье, Қатаркөлді қоса алғанда 14 ірі көл, сонымен қатар көптеген шағын көлдер бар. Бурабайдың белгісі – Көкшетау тауы. Оның биіктігі – 947 метр.

 

Сізге қай мекенде демалған ұнайды: Бурабай әлде Алакөл?

👥 5 сәуір өмірге келген атақты тұлғалар. Бүгін американдық рэпер, продюсер және сәнгер – Фаррелл Уильямс өзінің 50 жылдық мерейтойын атап өтеді. Ол 4 мәрте Грэмми және басқа да беделді марапаттарды иеленді. Осы жылы Уильямс Louis Vuitton ерлер киімінің креативті директоры болды. Сонымен қатар бүгін қазақстандық кәсіпқой боксшы, WBC Азия чемпионы – Батыржан Жүкембаев 32 жасқа толды. Ол кәсіпқой рингте 20 жекпе-жек өткізіп, оның 16-сында нокаутпен жеңіске жеткен. Ал әуесқой ретінде 225 жекпе-жек өткізді. Оның 200-інде жеңіске жетті. 

Батыржаннан әлем чемпионы атағын күтеміз!