«Үйде жатпа» күнтізбесі. 5 желтоқсан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 05 Желтоқсан, 2023


✍️1917 жылы 5 желтоқсанда Орынборда ІІ жалпықазақ съезі өтті. Оған қазақ зиялыларынан, БАҚ-тан және басқа да ұйымдардан 200-ден астам делегат қатысты. Съезд қорытындысы бойынша Алаш автономиясы жарияланып, Алаш Орда үкіметі құрылды. Оның төрағасы болып Әлихан Бөкейханов тағайындалды. Мұнда сонымен қатар ұлттық қарулы құралымдарды құру және халық милициясына арнайы білім беру, мәдениет, дін міндеттері туралы мәселелер қаралды. Съезд Кеңес өкіметін мойындамауға, ал Қызыл Армия Қазақстан аумағына кірген жағдайда тойтарыс беруге шешім қабылдады.

💪5 желтоқсан БҰҰ бастамасымен халықаралық еріктілер күні аталып өтеді. Бұл адамдар бос уақытын қоғам игілігі үшін арнайды. Олар мақсатшыл әрі әлемді өзгерту үшін қайтарымын күтпей жақсылық жасауға ашық. Қазір Қазақстанда 600-ден астам волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Олардың қатарында 200 мың адам бар. Еріктілер COVID-19 пандемиясы кезінде халыққа ерекше көмек көрсетті. Сонымен бірге Абай және Қостанай облыстарында өрттен зардап шеккендерге қол ұшын созып, Екібастұздағы оқиға кезінде жылы заттар тасымалдады.

 

Егер таныстарыңыздың арасында еріктілер болса, оларға алғыс айтып, мерекесімен құттықтап қойыңыз!

 

💡1973 жылы 5 желтоқсанда Қазақстан археология мұражайы ашылды. Аталмыш орын жинақталған материалдарды сақтау қоймасы ретінде ғана емес, сонымен қатар оларды үнемі ғылыми зерттеудің базасы ретінде де жасалған. Мұражай қабырғасында қазақ археологиясының тарихындағы ең маңызды олжалардың бірі зерттелді. Бұл – Есік қорғанындағы “Алтын адам” еді. 2010 жылы мұражай “Ғылым Ордасы” ғылыми кешенінің құрамына енді. Бүгінде ол бірегей жәдігерлердің баға жетпес қазынасы. Мұражай Қазақстан Республикасының көп ғасырлық дәстүрлері мен тарихының сақтаушысы қызметін атқаруда. Мұнда 4 мыңнан астам экспонат бар және 1 мыңнан астам археологиялық жәдігерлер қойылған. 

 

Мұражайға соңғы рет қашан бардыңыз?

🫂5 желтоқсан өмірге келген танымал тұлғалар. 122 жыл бұрын анимациялық суретші, режиссер және «The Walt Disney Company» компаниясының негізін қалаушы Уолт Дисней (1901-1966) дүниеге келді. Дисней алғашқы дыбыстық және музыкалық мультфильм киносының авторы атанды. Режиссер ретінде ол 111 фильм түсіріп,  576 кинофильмнің продюсері болды. Уолт кино өнеріндегі ерекше еңбегі үшін 26 мәрте «Оскар» иеленіп, рекорд орнатты. Сондай-ақ бүгін француздың эстрада әншісі және актрисасы Патрисия Каас 57 жасқа толды. Көптеген халықаралық беделді марапаттардың иегері 10 альбом шығарып, 2 фильмге түсті. Ал Қазақстанға бірнеше рет гастрольдік сапармен келді.

Сізге Уолт Диснейдің қай кейіпкері ұнайды?