«Үйде жатпа» күнтізбесі. 6 ақпан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 05 февраля, 2023


☑️ 6 ақпан — Дүниежүзілік ұялы телефонсыз күн аталып өтеді. Телефоннан бір-үш күнге бас тарту адамға патологиялық тәуелділіктің бар-жоғын түсінуге және құрылғының өз өміріндегі рөлін қайта қарауға көмектеседі. Темір-терсек иесі көбіне оған қалай тәуелді бола бастағанын байқамай қалады. Сондықтан осы идеяның авторы – француз жазушысы Фил Марсо ұялы телефонға түбегейлі қарсы еместігін, алайда гаджетті шектен тыс қолданудың пайдасынан гөрі зияны көп деп санаған. Сол себепті ол жылына бір рет бір күнге ұялы телефонның адам өміріндегі рөлін қайта қарау мақсатында одан бас тартуды ұсынды. Өйткені смартфонға табыну — номофобияның салдары екенін ескеруіміз керек. 

Ал сіз телефонсыз бір күн өмір сүре аласыз ба? :) 

☑️ Бүгін — ой мерекесі. Позитивті әрі жағымды ойлар жақсылықтан хабар береді. Олар жаңа идея тудырады және өмірді жақсы жаққа өзгертетін бастамаларға итермелейді. Егер ойыңызда жарқын дүниелер орын алса, онда ол міндетті түрде өміріңізде де пайда болады. Ойдың күшіне сену немесе сенбеу — әркімнің жеке ісі, бірақ ғалымдар мидың электромагниттік сигналдары адам өмірінің жағдайларына әсер ететініне сенімді. Американдық психолог Стивен Ричардс: «Шындық – бұл сіз әдетте ойлайтын ойлар мен нәрселердің проекциясы» деген.

Барлық оқырманға тек жақсылықты ойлауды тілейміз! 

☑️ 6 ақпан тағы бір пайдалы мереке – Витаминді сусын күні. Қыстың соңына қарай иммундық жүйеміз әлсіреп, ағзамыз дәрумендерді қажет ететіні белгілі. Оларды алудың ең жақсы тәсілдерінің бірі кез келген жеміс-көкөніс сусындары болып саналады, өйткені жаңа піскен өнімдер маусымнан тыс қымбаттайды. Қалай болғанда да, витаминдердің қосымша бөлігі ешқашан артық болмайды. Өйткені бойымызға қуат беріп, аурудан айығуға көмектеседі.

Баршаңызға зор денсаулық тілейміз!   

☑️6 ақпан дүниеге келген танымал адамдар. 302 жыл бұрын «Любектің баласы» деген атпен танымал неміс вундеркинді — Кристиан Генрих Хейнекен (1721-1725) дүниеге келді. 10 айлығында ол сөйлей бастады. Бір жасында Киелі кітаптың алғашқы бес кітабындағы барлық негізгі оқиғаларды жатқа білді. Екі жасында библиялық тарихтың барлық фактілерін қайталай алатындай есте сақтау қабілетін дамытты. Үш жасында дүниежүзілік тарих пен географиядан білімін толықтырып, мұны латын және француз тілдерін үйренумен ұштастырды, математика мен биологияға қызығушылық танытты, ал өмірінің төртінші жылында ол ғылыммен айналыса бастады. Алайда денсаулығы өте нашар болғандықтан, 4,5 жасында қайтыс болды.

Сонымен қатар 78 жыл бұрын ямайкалық музыкант, әнші және композитор — Боб Марли (1945-1986) дүниеге келді. Ол регги стиліндегі ең танымал орындаушы. Оның халықаралық табысының арқасында регги Ямайкадан тыс жерлерде де танымалдылығы арта бастады. Боб панафриканизмнің ең көрнекті жақтастарының бірі әрі православтық растоман болды. Бұл қозғалыстың көптеген ізбасары Марлиді тіпті пайғамбар деп атады.

 

Сізге музыканың қай жанры көбірек ұнайды?