«Үйде жатпа» күнтізбесі. 6 ақпан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 06 февраля, 2024


📞 6 ақпан дүниежүзілік ұялы телефоннан бас тарту күні аталып өтеді. Телефонды екі-үш күн қолданбау адамда патологиялық тәуелділіктің бар-жоғын түсінуге әрі құрылғының өз өмірінде қандай рөл атқаратынын қайта қарауға көмектеседі. Көп жағдайда адамдар темір-терсекке қалай тәуелді болғанын байқамай қалады. Мәселен, ұялы телефонына көзінің қарашығындай қарап, оған қымбат қорап, қорғаныш әйнек, құлаққап сатып алады. Қала берді соңғы үлгідегі брендтің соңынан қуып, мақтануға әуес болады. Ал смартфонға табыну номофобияның салдары екенін есіңізден шығармаңыз. 

Ал сіз телефонсыз бір күн өмір сүре аласыз ба? :) 

🧠 Бүгін — ой мерекесі. Позитивті әрі жағымды ой жақсылықтан хабар береді. Сонымен қатар жаңа идея тудырып, өмір ағысын жақсы бастамаларға итермелейді. Егер ойыңызда қандай да бір жағымды дүние орын алса, ол міндетті түрде шынайы өміріңізге енеді. Ойдың күшіне сену немесе сенбеу — әркімнің жеке ісі. Бірақ ғалымдар мидың электромагниттік сигналы адам өмірінің күнделікті әрекетіне әсер ететінін айтады. Америкалық психолог Стивен Ричардс: “Шындық – сіздің ойыңыз бен іс-әрекетіңізді проекциясы” деген тұжырымды алға тартады.

Сол себепті тек жақсы нәрсе ойлауды әдетке айналдырыңыз! 

🧋 6 ақпан тағы бір пайдалы мереке – Дәруменді сусын күні. Қыстың соңына қарай иммундық жүйеміз әлсіреп, ағзамыз дәрумендерді қажет ете бастайды. Ал оны жеміс-көкөніс сығындысынан дайындалған сусыннан алуға болады. Сол себепті дәрумендердің қандай да бір түрін тұтынутешқашан артық болмайды. Бұл өз кезегінде бойымызға қуат беріп, кез келген аурудан айығуға көмектеседі.

Баршаңызға зор денсаулық тілейміз!

👥6 ақпан дүниеге келген танымал адамдар. 303 жыл бұрын «Любектен шыққан нәресте» деген атпен белгілі неміс вундеркинді Кристиан Генрих Хейнекен (1721-1725) дүниеге келді. Сәби 10 айынан бастап сөйлей бастады. Бір жасында Киелі кітаптың алғашқы бес кітабындағы барлық негізгі оқиғаларды жатқа білді. Екі жасында библия тарихының барлық дәйектерін қайталай алатындай есте сақтау қабілетіне ие болды. Үш жасында дүниежүзі тарихы мен географиядан білімін жетілдіріп, латын және француз тілдерін бірге үйренді. Математика мен биологияға қызығушылығы жоғары болды. Ал өмірінің төртінші жылында ол ғылыммен айналыса бастады. Алайда денсаулығы өте нашар болғандықтан, 4,5 жасында қайтыс болды. Сонымен қатар бүгін қазақ эстрада әншісі әрі композитор Маржан Арапбаева 46 жасқа толды. “Жас қанат” музыкалық байқауының жеңімпазы Халықаралық “Азия дауысы” фестивалінде Қазақстан атынан өнер көрсетті. Оның ең танымал әндерінің бірі — “Арманыма асығамын”. Бұл туындысы YouTube-те миллиондаған қаралымға ие. Өнер иесінің Қайрат Баекенов, Сәкен Майғазиев, Еркін Мәуленмен орындаған дуэті жанкүйерлерін бей-жай қалдырған жоқ.