«Үйде жатпа» күнтізбесі. 6 қаңтар: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 06 января, 2024


🥺6 қаңтар соғыста жетім қалған балалардың халықаралық күні болып белгіленді. Ата-анадан айырылу бала үшін — үлкен қайғы. Сондықтан соғыста жетім қалған балалардың тағдыры өте ауыр болып келеді. Себебі олардың өмірі күтпеген жерден өзгеріске ұшырап, қалаған қажеттіліктерінен қол үзіп жатады. Мысалы, жетім қалған балалардың үлкені артынан ерген іні-қарындастарына қамқорлық жасап, үлкен жауапкершілік арқалуына мәжбүр болады. Бүгінде әлемде орын алып жатқан жағдайларды ескере отырып, аталмыш күннің өзектілігі арта түсті. Өйткені соғыстан зардап шеккен балалардың саны күн сайын артып келеді. Сол себепті бұл күннің мақсаты — үлкендер тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға көмек көрсету.

Ендеше жаңа жылда баршаңызға бейбітшілік пен тыныштық тілейміз!

☀️Бүгін алма күні аталып өтеді. Аталмыш мереке алманың денсаулыққа көптеген пайдасы бар екенін еске салады. Мәселен, бұл жеміс А, С, В1, В2, РР және Е дәрумендеріне, қала берді магний, фосфор, йод, темір, селен, калий, кальций және мырышқа бай болып келеді. Сондай-ақ жеткілікті мөлшерде бор, салицил және лимон қышқылдары да бар. Алма өт пен асқазанда сөл бөлуге көмектесіп, ас қорыту жүйесін жақсартады.

 

Сізге алманың қай түрі ұнайды?

🤩1938 жылы 6 қаңтарда Отанын сатқан азаматтардың 1 жастан 3 жасқа дейінгі балалары мен әйелдерінің алғашқы легі Ақмола лагеріне (АЛЖИР) келді. Ең ірі кеңес әйелдер лагері 1937 жылы тамызда Астананың оңтүстік-батысында орналасқан Төңкеріс (бұрынғы Малиновка) ауылында құрылды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде мұнда тұтқынға түскен сегіз мыңға жуық әйел болды. 1950 жылдың басында АЛЖИР таратылды. Бірақ іс жүзінде 1953 жылы жабылды.

🥳6 қаңтар өмірге келген атақты тұлғалар. 612 жыл бұрын Францияның ұлттық қаһарманы Жанна д’Арк (1412-1431) дүниеге келді. Ол Англиямен жүз жылдық соғыс кезінде ағылшындарға қарсы азаттық күресін басқарған. Тұтқынға түскеннен кейін оны бақсы деп айыптап, өртеп жіберді. 1456 жылы ол ақталды. Ал 1920 жылы оны католик шіркеуі Францияның қамқоршысы деп жариялады. Жаннаның бейнесі көптеген әдебиет туындыларында, картиналарда, мүсіндер мен музыкада айрықша бейнеленген. Сондай-ақ бүгін итальяндық әнші, композитор, актер әрі режиссер Адриано Челентано 86 жасқа толды. Өнер иесі Итальяның музыка тарихындағы ең табысты әншілердің бірі. Мансап жолында алты жүзге жуық ән орындап, таралымы 150 миллион дана болатын қырық үш студиялық альбом шығарды. Қала берді қырықтан астам фильмде басты рөлді сомдады.

Сізге Адриано Челентаноның қай фильмі ұнайды?