«Үйде жатпа» күнтізбесі. 6 қаңтар: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 06 января, 2023


☑️ 6 қаңтар  – француз қайырымдылық ұйымының бастамасымен соғыста жетім қалған балалардың халықаралық күні болып белгіленді. Ата-анадан айырылу бала үшін — үлкен қайғы. Соғыста жетім қалған балалардың тағдыры өте ауыр. Себебі олардың өмірі күтпеген жерден өзгеріске ұшырады. Мысалы, жетім қалған балалардың үлкені артынан ерген іні-қарындастарына да қамқорлық жасап, жауапкершілік алды. Бүгінде әлемде орын алып жатқан жағдайларды ескере отырып, аталмыш күннің өзектілігі арта түсті. Өйткені соғыстан зардап шеккен балалардың саны күн сайын артып келеді. Сол себепті бұл күннің мақсаты — үлкендер тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға көмек көрсету.

Ендеше жаңа жылда баршаңызға бейбітшілік пен тыныштық тілейміз! 

☑️ Бүгін ерекше мереке – алма күні аталып өтеді. Аталмыш күн алманың денсаулыққа көптеген пайдасы бар екенін еске салады. Мәселен, алмада А, С, В1, В2, РР және Е дәрумендері, сондай-ақ магний, фосфор, йод, темір, селен, калий, кальций және мырыш бар. Сондай-ақ жеткілікті мөлшерде алмада бор, салицил және лимон қышқылдары да бар. Ол өт пен асқазанда сөл бөлуге көмектесіп, ас қорытуды жақсартады.

Сізге алманың қай түрі ұнайды?

☑️6 қаңтар өмірге келген танымал тұлғалар. 611 жыл бұрын Францияның батыр қызы — Жанна д ‘ Арк (1412-1431) дүниеге келді. Ол жүз жылдық соғыс кезінде француз халқының ағылшындарға қарсы азаттық күресін басқарған. 1430 жылы 23 мамыр күні қоршаудағы Компьен қаласы түбіндегі шабуылда ағылшындардың одақтасы бургундардың тұтқынына түсіп, олар Жанна д’Аркты ағылшындарға сатты. Руандағы шіркеу соты оны құдайдан безген, сиқыршы деп айыптап, өртеп жіберді. Тек Жанна д’Арктың өлімінен 20 жыл өткен соң Карл VII оның сиқыршы емес екенін дәлелдеу керек болды. Себебі ол өзінің таққа отыруына сиқыршының ешқандай қатысы жоқ екенін дәлелдеу керек болды. 1456 жылы осы іс қайта қаралып, оның есімі салтанатпен ақталды. 1920 жылы католик шіркеуі оны әулиелер қатарына қосты. Жаннаның бейнесі көптеген мәдени шығармада, соның ішінде әдебиетте, картиналарда, мүсіндерде және музыкада бейнеленген. 

Сонымен қатар бүгін итальяндық әнші, композитор, актер және режиссер — Адриано Челентано 85 жылдық мерейтойын атап өтеді. Ол итальяндық музыка тарихындағы ең табысты және ықпалды орындаушылардың бірі — бүкіл мансабында ол алты жүзге жуық ән орындады, жалпы саны 150 миллион дана болатын қырық үш студиялық альбом шығарды. Сонымен қатар қырықтан астам кинофильмдерде ойнады. 

Сізге Адриано Челентаноның қай фильмі ұнайды?