«Үйде жатпа» күнтізбесі. 6 қазан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 06 октября, 2024


📁Бүгін Қазақстанда есепшілер күні аталып өтеді. Дегенмен мереке әлі ресми мәртебеге ие болмаған. 2003 жылы 6 қазанда бірінші Республикалық бухгалтерлер байқауының қорытындысы шығып, қатысушылар осы күнді өздерінің кәсіби мерекесі ретінде атап өту бастамасын көтерген болатын. Бірде-бір кәсіпорын есепшісіз жұмыс істемейді. Олардың нақты есептері мемлекет экономикасындағы теңгерімді басқаруға көмектеседі. Қазақстандағы мәліметтерге сәйкес, бұл салада 250 мыңға жуық адам жұмыс істейді.

 

Егер бухгалтер таныстарыңыз болса, мерекесімен құттықтауды ұмытпаңыз!

✏️6 қазанда Дүниежүзінде балалардың жұлын сал ауруы күні аталып өтеді. 2022 жылы Қазақстанда осы диагнозбен 19 мыңнан астам бала тіркелген. Бұл диагноз бала өмірге келген кезде қойылмайды, тек бір немесе бір жарым жасқа толған соң анықталады. Себептеріне жүктіліктің қиын өтуі, баланың мерзімінен бұрын шала туылуы жатады. Бұл өз кезегінде аурудың өршу қаупін 8 есеге арттырады. Осы сырқатқа шалдыққан адамдар өмір бойы ем алып, арнайы оңалтудан өтеді. 

Егер айналаңызда осы дертпен ауыратын адамдар болса, оларға үнемі қамқорлық жасаңыз, жиі қоңырау шалыңыз!

📱Бүгін Instagram әлеуметтік желісіне 14 жыл толды. 2010 жылдың 6 қазанында бұл қосымша Apple компаниясының AppStore дүкенінде пайда болды. Қазір әлемде Instagram желісін қолданатын 2 миллиардтан астам белсенді қолданушы бар. Оның 10 миллионнан астамы қазақстандықтар. Әлемдегі ең танымал парақша Криштиану Роналдуға тиесілі. Оның 640 миллион жазылушысы бар. Футболшының бәсекелестері – Лионель Месси (504 миллион жазылушы) және америкалық әнші Селена Гомес (424 миллион жазылушы).

Ал Қазақстанда ең танымал парақша кімдікі?

👥6 қазан — танымал екі адамның туған күні. 101 жыл бұрын Қазақ балетмейстері, Қазақстанның Халық әртісі Дәурен Әбіров (1923-2001) дүниеге келді. Қазақ опера және балет театрының сахнасында ол «Қамбар-Назым», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Аққанат», «Эсмеральда» балеттерін, сондай-ақ «Біржан-Сара», «Қамар сұлу», «Айсұлу» опералық және драмалық спектакльдеріндегі билерді сахналады. «Жизель», «Аққу көлі», «Бахчисарай субұрқағы», «Баядерка» балеттерінде жетекші партияларды сомдаған. Өнер иесі — «Қазақ халық билері» кітабының авторы. Сондай– ақ 110 жыл бұрын тарихтағы ең ұлы зерттеушілердің бірі Тур Хейердал (1914-2002) өмірге келді. 1947 жылы ол Тынық мұхитын «Кон-Тики» деп аталатын бөренелерден салмен жүзіп өтті. Бұл оның экспедицияларының алғашқысы болды және 1951 жылғы ең жақсы деректі фильм ретінде «Оскар» сыйлығын жеңіп алды. Ол қала берді бүкіл әлемдегі бейбітшілік қозғалысының белсенді қатысушысы және қоршаған ортаны қорғаушы атанды. Өйткені оның беделі оған өз заманының ең қуатты саясаткерлерімен байланыс орнатуға мүмкіндік берді.

 

#күнтізбе #6қазан #балалар