«Үйде жатпа» күнтізбесі. 6 сәуір: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 06 апреля, 2024


🕺Бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен халықаралық спорт күні аталып өтеді. Ойындар, спорт түрлері және дене шынықтыру жаттығулары адамзат дамуында маңызды рөл атқарып келеді. Сонымен қатар спорт — білім алудың құралы ретінде жергілікті, ұлттық және халықаралық деңгейде ынтымақтастықты, төзімділікті, түсіністік пен әлеуметтік интеграцияны нығайтуға ықпал етеді.

Сізге қай спорт түрі ұнайды?

🏓6 сәуірде тағы бір спорт түрі – дүниежүзілік үстел теннисі күні аталып өтеді. Пинг-понг деп те аталатын бұл спорт түрі кәсіби ортада ғана емес, қарапайым адамдар арасында да танымал. Үстел теннисі қолжетімді ойын болғандықтан, оның әртүрлі жастағы, жыныстағы “жанкүйерлері” бар. Тіпті мемлекет басшылары арасында да маңызды ойын түрі болып келеді.

Ал сәз үстел теннисін жиі ойнайсыз ба?

😄2022 жылдың 6 сәуірінде тарихта алғаш рет қазақ шахматшысы Бибісара Асаубаева әйелдер арасында блиц бойынша әлем чемпионы атанған ең жас шахматшы ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді. Гиннестің дүниежүзілік рекордтар ұйымы 2021 жылы желтоқсанда Польшада өткен әлем чемпионатында жеңіске жеткені үшін Бибісара Асаубаеваға сертификат табыс етті.


🥳6 сәуір — қос суретшінің туған күні. 541 жыл бұрын итальяндық суретші және сәулетші Рафаэль Санти (1483-1520) дүниеге келді. Ол өзінің қысқа ғұмырында атақты суретшілердің біріне айналды. Суретшінің “Систин Мадонна” картинасы тарихтағы ең танымал әрі баға жетпес картиналардың бірі болып келеді. Сонымен қатар бүгін қазақ суретшісі, этнограф және қарутанушы Қалиолла Ахметжан 75 жасқа толды. Оның туындылары әлемнің көптеген мұражайында және Қазақстан, Англия, АҚШ, Швеция, Пәкістан, Германияның жеке коллекцияларында сақтаулы. Сонымен қатар ол белгілі “Жараған темір кигендер (батырлардың қару жарағы, әскери өнері, тұз, дәстүрлері)” монографиясының әрі 70-тен астам ғылыми мақаланың авторы.

Сіз қазақ суретшілерінің қайсысын білесіз?