«Үйде жатпа» күнтізбесі. 6 сәуір: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 06 апреля, 2025


🌛6 сәуірде БҰҰ бастамасымен Халықаралық спорт күні аталып өтеді. Ойындар, спорттық жарыстар мен дене шынықтыру сабақтары — адамзат дамуына айрықша үлес қосып келеді және әлі де өз маңызын жоғалтқан емес. Спорт – білім беру, даму мен бейбітшіліктің бір құралына айналып, жергілікті, ұлттық және халықаралық деңгейлерде ынтымақтастықты, татулықты, төзімділікті, түсіністік пен әлеуметтік интеграцияны нығайтуға ықпал етеді.

Сізге қай спорт түрі көбірек ұнайды?

🕺6 сәуірде тағы бір спортқа қатысты күн – Дүниежүзілік үстел теннисі күні аталып өтеді. Пинг-понг атауымен де танымал бұл спорт түрі тек кәсіби спортшылардың ғана емес, қарапайым халықтың да арасында кең танымал. Қолжетімді ойын ретінде үстел теннисі жасы, жынысы, дайындығы немесе физикалық жағдайы әртүрлі адамды – тіпті мемлекет басшыларын да – өзіне тартып, жанкүйерлер қатарын көбейтіп келеді.

🧠2022 жылғы 6 сәуірде қазақстандық шахматшы қыз Бибісара Асаубаева алғаш рет Гиннестің рекордтар кітабына енді.

Ол әйелдер арасындағы блиц шахматтан әлем чемпионы атанған ең жас шахматшы ретінде танылып, тарихқа енді. Гиннестің дүниежүзілік рекордтар ұйымы Бибісараға 2021 жылдың желтоқсанында Польшада өткен шахматтан әлем чемпионатындағы жеңісі үшін арнайы сертификат табыстады.

👥6 сәуір – қос бірдей суретшінің туған күні.

542 жыл бұрын әйгілі италиялық суретші әрі сәулетші Рафаэль Санти (1483–1520) дүниеге келді. Қысқа ғұмырында ол әлемге танымал суретшілердің біріне айналды. Оның “Сикстин мадоннасы” картинасы – әлемдегі ең танымал туындылардың бірі саналады және баға жетпес өнер туындысы болып есептеледі. Сондай-ақ бүгін қазақтың белгілі суретшісі, этнограф-қарутанушы ғалым Қалиолла Ахметжан 76 жасқа толды. Оның картиналары Қазақстанда ғана емес, Англия, АҚШ, Швеция, Пәкістан, Германия сияқты елдердің мұражайлары мен жеке коллекцияларында сақтаулы. Ол «Жараған темір кигендер (батырлардың қару-жарағы, әскери өнері, салт-дәстүрлері)» атты әйгілі монографияның және 70-тен астам ғылыми мақаланың авторы.

Сіз білетін қазақ суретшілерінен кімдерді атай аласыз?