🦔Бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен — Халықаралық спорт күні аталып өтеді. Иә, спорттық ойындар мен дене жаттығулары адамзат дамуында маңызды рөл атқарып келеді. Сондықтан спорт — білім алудың құралы ретінде жергілікті, ұлттық және халықаралық деңгейде ынтымақтастықты, төзімділікті, түсіністік пен әлеуметтік интеграцияны нығайтуға ықпал етуде.
Сізге қай спорт түрі ұнайды?
🏓 6 сәуір тағы бір спорт түрі – Дүниежүзілік үстел теннисі күні аталып өтеді. Пинг-понг деп те аталатын бұл спорт түрі кәсіби спорттық ортада ғана емес, қарапайым адамдар арасында да танымал. Үстел теннисі қолжетімді ойын болғандықтан, оның әртүрлі жастағы, жыныстағы «жанкүйерлері» бар. Тіпті мемлекет басшылары арасында да маңызды ойын түрі болып келеді.
Ал сіз үстел теннисін жақсы ойнайсыз ба?
🚗 Сәуір айының бірінші бейсенбісі — Халықаралық жол жөндеу күні аталып өтеді. Ең көне жолдар біздің дәуірімізге дейін 4 мыңжылдықта Месопотамия мен Англияда пайда болды. Жол жөндеу жұмысы неге маңызды? Жолды жөндеу әрі оны бастапқы күйінде ұстау, ресурстарды және пайдаланушылардың қауіпсіздігін қорғап, маршрут бойынша тиімді және ыңғайлы жүруді қамтамасыз ету үшін қажет. Өткен жылы Қазақстан 2025 жылға дейін жаңа жолдарды жөндеу мен салуға 3,5 триллион теңге бөлді.
Қазақстандағы жолдардың сапасына көңіліңіз тола ма?
🎨 6 сәуір дүниеге келген танымал суретшілер. 540 жыл бұрын итальяндық суретші және сәулетші — Рафаэль Санти (1483-1520) дүниеге келді. Ол өзінің қысқа ғұмырында атақты суретшілердің біріне айналды. Суретшінің «Систин Мадонна» картинасы тарихтағы ең танымал және баға жетпес картиналардың бірі болып келеді. Бүгін қазақ суретшісі, этнограф және қарутанушы — Қалиолла Ахметжан 74 жасқа толды. Оның туындылары әлемнің көптеген мұражайында және Қазақстан, Англия, АҚШ, Швеция, Пәкістан, Германияның жеке коллекцияларында сақтаулы. Сонымен қатар ол белгілі «Жараған темір кигендер (батырлардың қару жарағы, әскери өнері, тұз, дәстүрлері)» монографиясының әрі 70-тен астам ғылыми мақалалардың авторы.
Сіз қазақ суретшілерінің қайсысын білесіз?