«Үйде жатпа» күнтізбесі. 6 желтоқсан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 06 декабря, 2023


✍️Бүгін — Қазақстан прокуратурасының күні. 1991 жылы 6 желтоқсанда “Қазақ КСР прокуратура органдарының біртұтас жүйесін құру туралы” қаулы қабылданды. Прокуратура тек Президентке ғана есеп береді және мемлекет атынан Қазақстандағы заңдылықтың сақталуына байланысты жоғары қадағалауды жүзеге асырады. Сотта мемлекеттің мүддесін білдіреді әрі қылмыстық қудалауды жүзеге асырады. Бас прокурорды Парламент Сенатының келісімімен Президент 5 жыл мерзімге тағайындайды. Прокуратура қызметкерлерінің саны 5 мыңнан асады.

 

Егер таныстарыңыздың арасында прокурорлар болса, оларды мерекесімен құттықтауды ұмытпаңыз!

📝2021 жылдың 6 желтоқсанында Париждегі Ақындар алаңында қазақтың ұлы ақыны Абай бюстінің салтанатты ашылуы өтті. Франция астанасында ұйымдастырылған шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнауына арналды. Айта кетейік, Square des poètes саябағында француз әдебиетінің көрнекті қайраткерлеріне арналған ескерткіштер орнатылған. Бұл ретте шетел ақындарының ішінен тек Пушкин мен Абайдың мүсіндері қойылған. 

🧑‍🎄6 желтоқсан — Санта-Клаустың туған күні. Оның тұрғылықты жері — Солтүстік полюс. Бірақ финдер оның Лапландияда тұратынын дәлелдеді. 1931 жылға дейін Санта-Клаус жасыл шұлық киген эльф немесе тон киген қатал аңшы ретінде бейнеленді. Содан соң американдық суретші Хэддон Сандблом Coca-Cola сусынының жарнамалық науқаны үшін Санта-Клаустың басқа бейнесін ойлап тапты. Осылайша ол Coca-Cola логотипінде бейнеленген қызыл түсті тон киетін ақкөңіл әрі күлімсіреген атаға айналды.

👥6 желтоқсан өмірге келген қазақтың атақты тұлғалары. 84 жыл бұрын Қазақстанның халық жазушысы, қоғам және саяси қайраткері Әбіш Кекілбайұлы (1939-2015) дүниеге келді. Ол әлемнің көптеген тілінде жарық көрген 50-ден астам кітаптың авторы. Жазушының қатысуымен «Көксерек», «Қыз Жібек», «Атаманның соңы» және т.б. фильмдер түсірілді. Сондай-ақ бүгін белгілі опера әншісі Гүлзат Дәуірбаева 56 жасқа толды. Astana Opera театрының жетекші солисі қазір Құрманғазы атындағы консерваторияда сабақ береді. Сонымен қатар ол бірнеше халықаралық байқаудың лауреаты атанды. Атап айтатын болсақ, өз өнерімен Германия, Түркия, Голландия, Кипр және Ресейдің опера сахналарын бағындырды.