«Үйде жатпа» күнтізбесі. 7 қаңтар: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 07 Қаңтар, 2023


☑️ 7 қаңтар – Халықаралық бағдарламашылар күні. Бағдарламашы – арнайы математикалық модельдеудің көмегімен компьютерлік бағдарламаларды және алгоритмдерді құрастыратын маман. Аталмыш мамандардың арқасында Google, Yandex және басқа да іздеу қосымшалары жұмыс істеп тұр. Тіпті оларсыз қазіргі өмірді елестету қиын. 

Сондай-ақ бағдарламашылар Facebook және Apple сияқты алып компанияларды ұстайды.

Егер таныстарыңыздың арасында бағдарламашылар болса, кәсіби мерекесімен құттықтап қойыңыз!

☑️ Бүгін христиандар Рождество мерекесін атап өтеді. Аталмыш күн әлемнің 100-ден астам елінде мемлекеттік мейрам болып бекітілген. Рождествоның тарихы екі мың жыл бұрын Мария ананың Иисус-Ғайса пайғамбарды өмірге әкелген күнінен басталған. Осылайша христиандар мерекені 20 ғасыр бойы тойлап келеді. Бұл мейрамда барша христиандар бір-бірін құттықтап, игі тілектерін арнап жатады. Қазақстанда бұл күні демалады. Алайда осы жылы Рождество сенбіге тура келді.

 

Егер христиан дінін ұстанатын таныстарыңыз болса, оларды Рождество мерекесімен құттықтай аласыз!

☑️ 7 қаңтар көңілді күн – Халықаралық ақылға қонымсыз жүріс күні аталып өтеді. Әлемнің көптеген елінде әзіл-қалжыңы аралас тұрғындар осы күні қала көшелерін ерекше жүріспен аралайды. Мереке ұйымдастырушылары мен шеруге қатысушылар олардың мақсаты күнделікті қиындықтардан құтылу екенін айтады. Аяқ киімдегі шұлықтармен жүру – комедия кейіпкері Чарли Чаплиннің қолтаңбасы болды. Майкл Джексонның «ай» жүрісі де осыны еске салады. 

☑️ 7 қаңтар өмірге келген қазақтың белгілі тұлғалары. 118 жыл бұрын опера әншісі, режиссер және педагог – Құрманбек Жандарбеков (1905-1973) дүниеге келді. Ол Қазақ ұлттық кәсіби театрының негізін қалаушылардың бірі. Сондай-ақ бірнеше ұлттық балеттердің кеңесшісі және қоюшы-режиссері болып, қазақ би өнерінің жандануына ықпал етті. 

Сонымен қатар бүгін Қазақстан мен Ресей ғарышкері, батыры – Талғат Мұсабаев 72 жасқа толды. Ол 1994 жылы алғаш рет ғарышқа ұшу кезінде өзімен бірге Қазақстанның туын, бір уыс топырағын және мұсылмандардың қасиетті кітабы – Құранды алып кеткен болатын. Осы ретте егемен Қазақстан тарихында тағы бір маңызды оқиға орын алды. Нақтырақ айтсақ, Мұсабаев ашық ғарыш кеңістігіне ұшқан тұңғыш қазақ ғарышкері болды.

 

Сіз қазақ ғарышкерлерінің қайсысын білесіз?